Өздігінен тұрып, жүре алмайды: Олжас Бөлекбаевтың әйелі көптен көмек сұрайды

26.10.2022 в 17:51

2 жылда 40 рет химиотерапия алған азамат қыркүйекте ғана кезекті отасын жасатыпты

Сап-сау жүріп, бір-ақ сәтте төсек тартып, жатып қалған Олжас Бөлекбаевтың әйелі көптен көмек сұрайды, деп хабарлайды Almaty.tv.

38 жастағы Олжас Бөлекбаевтың диагнозы – тоқ ішектің аденокарциномасы. Қатерлі ісік миға да әсер еткен. Қазір азамат өздігінен тұрып, жүре алмайды.  

«Үнемі жалғыз өзі, тыныштықта отырғысы келеді. Артық сөйлемеуге, қимылдамауға тырысамыз. Шыны керек, ауру шаршатып жіберді. Бұрынғыдай бақытты, уайымсыз ғұмыр кешуді аңсап кеттік», – деді Олжастың әйелі Милана Пайзаева.

Ауру алғаш байқалғанда Олжастың басы ауырып, жүрегі айныпты. 1 аптаның ішінде тұра алмайтын хәлге жеткен. Кейіннен сараптама ісік барын көрсетеді. 2 жылда 40 рет химиотерапия алған азамат қыркүйекте ғана кезекті отасын жасатыпты. «Әлі де алар ем азайған жоқ» дейді жұбайы.

«Былай өмір сүру өте қиын. Соңғы айларда тіптен төсектен тұрмай қалды, өзінің де жанына батады. Көмек сұрағысы келмейді. Бірақ қолда бардың бәрін қолданып қойдық, енді амалымыз қанша», – деді Олжастың әйелі Милана Пайзаева.

Жергілікті аурухана керекті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етеді. Олжастың оңалуы үшін жекеменшік медициналық орталықтың мамандары да тырысып-ақ жатыр. Тек қолды байлап тұрғаны – қаражат. Ота жасату үшін барын сатып, жоғын таптым деген көпбалалы ана әлі де 2,5 миллион теңгеге мұқтаж.

Мадина Оқас, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы