Биыл көктемгі егіс науқанында шаруаларға 413 мың тонна дизель бөлінген

04.04.2023 в 17:52

Бағасы жанармай бекеттерінен 10-15 пайызға арзан

Шымкенттік шаруалар бір аптадан бері дизель отынын таппай сандалып жүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Жанармай бекеттерінің өзінде сұйық отынды таппайсың» дейді 20 жылдан бері шаруашылықпен айналысып жүрген Нұрболат Құралов. Ол дәл биылғыдай тапшылық бұрын болмағанын атап өтті.

«Өзбекстаннан келген тасымалдаушылар артық мөлшерде дизель алып, өз жерінде сатады. Сондықтан тапшылық туындайды. Арзан дизель отыны бізге қолжетімсіз. Арзандатылған сұйық отынды қалай шаруаға жеткіземіз? Мәселені шешу керек қой. Ол үшін субсидия көлемін ұлғайту керек шығар. Қазіргі арзан деп таратылып жатқан дизель шаруаларға жетпей жатыр», – деді шаруа қожалығының басшысы Нұрболат Құралов.

Тапшылық мәселесін министрлік өкіліне айтқанымызда таңдана қарады. Ақпарынша, биыл көктемгі егіс науқанында шаруаларға 413 мың тонна дизель бөлінген. Бүгінге соның 144 мың тоннасы дала диқандарына жеткізілген. Ал бағасы жанармай бекеттерінен 10-15 пайызға арзан.

«Тапшылық жоқ. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізу барысында облыстар егістікке керекті дизель мөлшерін айтты. Оның бағасы литріне 184 тг болып бекітілген. Қазақстандағы үш зауыттан облыстарға тарату мәселесі қарастырылған», – деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі егіншілік департаментінің бас сарапшысы Ерсайын Досымбетов.

«Шопан ата» ұлттық агро қозғалысының төрағасы Алмасбек Садырбаевтың айтуынша, министрлік өңірлер қажеттілігін есептеп бөлдік деген сұйық отын көлемі шаруаларға мүлде жетпейді. Елдегі 23 млн гектардан астам жерге жоспарлап үлестірілген 413 мың тонна дизель сұранысты жаппайды.

«30 жылдан бері көктем келген сайын, үш мұнай зауытында кезек-кезек жөндеу жұмысы жүреді. Сол кезде нақты шаруаларға дизель отыны көктемнен күзге дейін беріліп болады.  Оны жүйелеп жатқан министрлік жоқ. Неге қыстыгүні жөндемейді? Ол кезде шаруаларға дизель отыны керек емес», – деді   «Шопан ата» ұлттық агро қозғалысының төрағасы Алмасбек Садырбаев.

Оңтүстіктегі шаруалардың айтуынша, сұйық отынға сұраныс бір ай бұрын өскен. Ал тапшылық мәселесі жылда көктемде қайталанатын көрінеді. Себебін сала мамандары алыс-жақын шет елден келетін көлеңкелі бизнестен көріп отыр.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы, Астана