Өндіріс ең алдымен сол өңірдің игілігіне, мемлекет мүддесіне жұмыс істеуі керек - депутат

04.01.2023 в 18:07

Кездесуге Парламент Сенаты мен қалалық мәслихат депутаттары қатысты

Шағын және орта бизнесті жан-жақты қолдау, ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін бұқаралық спортты дамыту және дәрілік препараттарға бағаны төмендету. Осы және өзге де экономикалық, әлеуметтік һәм экологиялық мәселелер бүгін депутаттардың арасында талқыға салынды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Саяси жүйені қайта жаңғырту жөні сөз болған кездесуге елдің Парламент Сенаты мен қалалық мәслихат депутаттары қатысты.

«Көлік, экология мәселесі, денсаулық пен оқу-ағарту, білім мәселесі... Соның барлығын кешенді түрде, жоспарлы қаржыландыру тетігін таба отырып, шешімін табу керек. Сенат депутаттарының да өңірге жасаған сапары осындай мақсатты көздейді», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп.

Өз кезегінде қалалық Мәслихат депутаттары Сенаторларға жақын арада шешілуі тиіс деген өзекті мәселелерді ұсынды. Бұл қатарда күні кеше Президент қол қойған «Агломерацияларды дамыту туралы» заңның жан-жақты орындалуы қамтамасыз етілмек.

«Ірі монополиялық шаруашылықтар мен олигополияларды заңды түрде белгілі бір міндетке жүктеуді ұсынып отырмыз. Мәселен, баға ашықтығы, салық көлемін тауар айналымына сәйкес ұлғайту және жаңа бастаған кәсіпкерлерге өзара көмек көрсету деген сынды. Әр өңірде ашылған өндіріс ең алдымен сол өңірдің игілігіне, кейіннен мемлекет мүддесіне жұмыс істеуі керек», – деді қалалық мәслихат депутаты Нұрсұлтан Шоқанов.