Қыста жылусыз қалуымыз мүмкін: тараздықтарды алаңдатқан мәселе қалай шешіледі

13.12.2022 в 18:10

Бастапқыда пәтерде жылу болуы үшін жертөледе су сорғысы орнатылған еді

Тараздағы Ұлы дала шағынауданының тұрғындары қақаған қыс қаһарына мінген шақта жылусыз қаламыз ба деп алаңдайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жақында баспаналы болған тұрғындардың айтуынша, пәтердегі жылу жеткіліксіз . О баста белгілі болған түйткілді жауапты мердігер қосымша құрылғы қойып шешіп берген. Алайда тұрғындарды сол құрылғының электр қуатына тәуелділігі қорқытады. 

Рахат Бекмұратова осы үйден бір жыл бұрын пәтер сатып алады. Көп ұзамай жылыту маусымы да басталады. Дәл сол уақытта жоғарғы қабаттағы құбырлар сыр беріп, Рахаттың пәтерін су басады. Сол кезде мердігер құбырды қайта қалыпқа келтіріп, зақым келген орындарды тез арада жөндеген екен.

«Әрине, жылыту проблемалары бар. Едендер арқылы су өтіп кеткен жағдай болды. Біреудің едені,  енді біреудің батареялары бұзылды. Кей  пәтердің төбелері құлады. 997 және 1031 тұрғын үйде осындай олқылық жиі орын алып тұрады», – деді қала тұрғыны Рахат Бекмұратова.

Бастапқыда пәтерде жылу болуы үшін жертөледе су сорғысы орнатылған еді. Бірақ күні –түні дарылдаған жағымсыз мотор дыбысы мазаны алып, тұрғындарды әбден қажытыпты. Ал мердігерлер электр қуаты тосыннан сөніп қалса, жылу жүйесіне оның кесірі тимейтінін айтты.

«Біз тоқ генераторын сатып алдық, жарық сөнсе бұл құрылғылар тоқ береді.  Ал сусорғыларға келсек біздің кінәміз емес. Құрылысты нақты жоспар бойынша жасағанбыз. Олқылық қалалық энерго орталықтан болып тұр. Оны өз қаражатымызға жөндейік деген ұсыныс айтып едік, рұқсат бермеді», – деді жауапты мердігер комнанияның өкілі Шыңғыс Әміров.

«15 шағынауданында мәселе бойынша өзіміз зерделеп, үйдің жылу жүйесін қарап, уақытылы шара қолданып жатырмыз. Қазіргі таңда барлық үйде жылу бар, жағдай тұрақты», – деді қала әкімінің орынбасары Нұрбол Қалдыбаев

Ал тұрғындар көңіліндегі сенімсіздік сейілмей тұр.

Жомарт Есқара, Жақсылық Тілепберген, «Алматы телеарнасы», Жамбыл облысынан