Петропавлда қолданысқа берілген көпқабатты үйдің шатырынан су кетіп жатыр

14.07.2021 в 23:52

Тұрғындар мұндай жағдай бірнеше жыл бойы жалғасып келе жатқанын айтады

Петропавлда қолданысқа берілгеніне небәрі бірнеше ай болған көпқабатты үйдің шатырынан су кетіп жатыр. Жаңа салынған баспана тұрғындарды шарасыз күйге түсірген. Жаңбырлы күндері төбеден аққан су астына шелектер қоюға мәжбүр. Көрші тұрған 9 қабатты тұрғын үйде де дәл осындай жағдай. Оқиғаның анық-қанығын өңірдегі Almaty.tv тілшісі баяндайды.

«Жас Өркен» ықшам ауданында орналасқан 18 қабатты тұрғын үй қолданысқа наурыз айында берілген еді. Арада небәрі 4 ай өткен соң тұрғындар үйдің сапасына шағымдана бастаған. Жаңбыр жауған сайын төбеден су ағып, ылғалдан қабырғалары сызданып, сылақтары түседі екен. Назира Нұрмұқанова 18-қабатта тұрады. «Төбеден сорғалаған су 14 қабатқа дейін жетіпті» дейді.

«Кешенің алды күні қатты жаңбыр жауып, осы тесіктен су аға бастады. Таңертен оянған кезде залда, осы бөлмеде, сондай-ақ ас бөлмесінде суды байқадым. Бәрін сүртіп, шелектерді қойдым», – деді үй тұрғыны Назира Нұрмұқанова.

Жамбыл Жабаев 80 мекенжайында тұрып жатқан 9 қабатты үйдің тұрғындары да дәл осындай күйге түскен. Олар мұндай жағдай бірнеше жыл бойы жалғасып келе жатқанын айтады. Мәселенің шешімін табу мақсатында баспана иелері әлеуметтік желілерге видео салған.

«Биыл бірнеше күн бұрын қатты жаңбыр жауған. Бұл жерде дәліздің еденінде су болды. Міне, осы жерде біз бетонды көре аламыз, ал менің бөлмемде не болып жатқанын қараңыз. Мұнда ол әлі кеуіп үлгермеген. Мұнда тоқ сымдары орналасқан, мен балаларымның қауіпсіздігіне алаңдаймын. Шаралар қолдану қажет. Мердігер компания бірнеше рет шатырды жөндеген, алайда жыл сайын осындай оқиға қайталанып тұрады», – деді үй тұрғына Жасұлан Нұғманов.

9 қабатты тұрғын үйді салған мердігер компания өкілдері кепілдік мерзімі өтіп кетсе де, жөндеу жұмыстарын жүргіземіз деп сендірді.

«Біз барлығын жобаға сәйкес орындадық. Барлығы тексерістен өтті, жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес орындалды. Біздің кінәміз жоқ. Өкінішке қарай, құрылыс материалдарының сапасы нашарлай бастады. Бұл жерге ауа-райына сай материалды қою керек. Біздің салған құрылыс материалдар нормаға сәйкес, бірақ сапасы жарамсыз болып қалды», – деді  «Основание» ЖШС өкілі Антон Зенченко.

Айта кететін жайт, 9 қабатты тұрғын үй қолданысқа 2019 жылы, ал 18 қабатты 108 пәтерлі тұрғын үй 2021 жылы қолданысқа берілді.