Алимент төлемей жүрген ата-аналарға қатысты жаңа заң қабылдануы мүмкін

28.03.2022 в 21:09

Қазақстанда 8 мың ата-ана балаларына алимент төлемей келеді

Елімізде 8 мың ата-ана алимент төлемейді. Бұл туралы бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында Әділет министрі Қанат Мусин айтты. Оның айтуынша, ол ата-аналардың екі-үштен баласы бар. Алименттен жалтару үшін адамдар түрлі қулыққа барады екен. Көбіне жұмыс орындарын көрсетпейді немесе жалақыларын төмен көрсетеді. Осыған орай төменгі палата депутаттары мәселені Заң жүзінде шешу жолдарын талқылады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Әділет министрінің айтуынша, алимент төлемеу мәселесін мемлекет түрлі тәсіл арқылы шешуге тырысып келеді. Мәселен, осындай іспен айналысатын сот орындаушыларын ынталандырылып отырады. Әрбір алимент ісі бойынша сот орындаушысына мемлекет жылына 15 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қаржы төлейді. Бұл істе сот орындаушыларына да қатаң талап қойылады. Егер сот орындаушысы алиментті өндіріп алу бойынша нақты атқарушылық іс-қимыл жасамаса, онда лицензиясынан айырылады.

«Сот орындаушылары оларға барынша кедергі келтіруге тырысады. Бірақ кейде оған мүмкіндік болса, енді бірде ондай мүмкіндік болмай қалады. Дегенмен төлем жасамайтындар анықталып, жұмысқа орналастырылады. Өткен жылы біз 2,6 мыңға жуық адамды жұмысқа орналастырдық. Олар жалақы алып, алименттерін төледі», - деді ҚР Әділет министрі Қанат Мусин.

Бұл ретте енді жеке сот орындаушыларына қосымша өкілеттік беріледі. Әділет министрінің айтуынша, бүгінде алимент төлеушіні әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін оған хаттама толтыру қажет. Ал жеке сот орындаушысында мұндай құқық жоқ. Бұл үшін ол борышкерді әділет органдарына алып келіп, сол жердің лаузымды тұлғасы тиісті әкімшілік хаттама толтырады. Егер борышкер барғысы келмесе, онда оны полиция ғана мәжбүрлеп апара алады.

«Егер заңнамада жеке сот орындаушысына әкімшілік хаттама толтыру құқығы берілетін болса, онда бұл заң бұзушылар санын еселеп қысқартып, оларды тез жазалауға септігін тигізер еді. Сол арқылы борышты өтеуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта атқарушылық өндіріс туралы жаңа заң тұжырымдамасын әзірлеп жатырмыз. Онда сот орындаушыларына дәл осындай өкілеттік енгіземіз. Өйткені, бұл – проблеманы шешудің тиімді құралдарының бірі», - деді Қанат Мусин.

Мәжіліс төрағасының орынбасары Балайым Кесебаеваның айтуынша, соңғы кезде басқа борышкерлер алдындағы міндеттемелерді орындаудан жалтару, мүліктерін өндіріп алудан қорғап қалу мақсатында жалған берешекті қалыптастыру үрдісі пайда болған. Мысалы, жұмыс берушілер өз жұмыскерлерімен не үшінші тұлғалармен сөз байласа отырып, олармен жалған еңбекшарттарын жасап, қарыз туралы анықтамалар беретіні туралы фактілер ашылған. Осындай құжаттардың негізінде нотариустар миллиардтаған сомаларға атқарушылық жазбалар жасаған. Прокурорлардың бастамасымен соңғы екі жылда 5 млрд теңгеге нотариустар жазбаларының күші жойылған.

Асылбек Тойбек, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан