Шымкенттіктер ветеринария басқарма қызметіне наразы

07.03.2023 в 18:25

Жануарлар құқығын қорғау қауымдастығына 4 факті бойынша шағым түскен

Шымкентте иттерді аулау мен оларды уақытша ұстауға бюджеттен 120 млн теңге қаражат бөлінді. Ал зарарсыздандыру мен кастрациялау жұмысына қаржы бөлек қарастырылған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Шымкенттегі қаңғыбас иттерді ұстайтын арнайы орында жағдай мәз емес. Осылай деп дабыл қаққан жануар жанашырлары жауаптылардың бұл мәселеге назар аударуын сұрайды.

Жануарлар құқығын қорғау қауымдастығы да бұл жағдай бойынша тексеріс жүргізіп жатыр. Бүгінге дейін ассоциацияға 4 факті бойынша шағым түскен екен.

«Бізге есік алдында жүрген ит жоғалып кеткенін айтып, бірнеше азамат шағым түсірді. Сол себепті қауымдастық жануарларды уақытша ұстау пунктін тексеруді ұйғарды. Алғаш рет барғанымызда бізді кіргізген жоқ. Екіншісінде кіріп, бірнеше заң бұзушылық анықтадық. Иттердің жағдайы нашар,  олардың өлі денесін де көрдім. Біз жауаптыларға ресми сауал жолдадық», – деді Жануарлардың құқығын қорғау қауымдастығының өкілі Жанат Туғанбеков.

Ал қалалық ветеринария басқармасы жануарлардың жаңа баспанасымен таныстырды. Жауаптылар мұнда құрылыс толық аяқталмаса да, иттердің жағдайы жақсы екенін айтып, сендірді. Ал мамандар иттердің су ішкеніне қарап, бірнеше күн тіршілік нәрінсіз жүргенін байқағанын алға тартты. Арасында  агрессияға берілген иттерді де кезіктіргендерін айтады.

Биыл иттерді аулауға және олардың азығына бюджеттен 120 миллион теңге бөлінген. Одан бөлек, зарарсыздандыру мен кастрациялау үшін 140 миллион теңге қарастырылған. Ал жануарларды уақытша ұстау пунктінде 6 қызметкер 500-ден астам итке жауапты. Олардың ішіп-жемі мен қауіпсіздігін осы мамандар қамтамасыз етеді. Ветеринария басқармасының басшысы әлеуметтік желіде тараған ақпаратты жоққа шығарды.

«Біз үшін адам өмірі маңызды. ҚР Ата Заңында да солай жазылған. Бізге «баларымызға шабуыл жасай ма деп қорқамыз» деп көп шағымданады тұрғындар. Сол кезде агрессияға берілген жағдайда арнайы препарат арқылы жансыздандырамыз. Пунктте те солай, жансызданыру шарасын жүргізуге мәжбүр болатын кездер болады. Бірақ иттерді өлтірмейміз. Оған заң жүзінде тыйым салынған», – деді қалалық Ауылшаруашылық және ветеринария басқармасының басшысы Әбунасыр Жанбатыров.

Уақытша пункттің қазіргі мақсаты – иттерді тіркеуге алып, жаңа иесіне табыстау. Егер жануар жанашырлары мен қала тұрғындары арасынан ит аламын деушілер болса, басқармаға хабарласуына болады.  

Мөлдір Ибадуллаева, Абзал Тұрабек, «Алматы» телеарнасы, Түркістан облысынан