Кінәлілер жауапқа тартылады: Алматы қаласының прокуратурасы жазғы лагерьге қатысты соталды тексеріс бастады

17.07.2023 в 21:00

Ал балалар жақын арада басқа лагерьге жіберілмек

Сауық құратын саунаны 300 оқушыға жазғы лагерь деп өткізген кімдер? Алматы қаласының Білім басқармасы балалар демалысын ұйымдастыруда жауапсыздық танытқандарды сотқа бермек, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Лагерь дегені сауна болып шыққан. Бұл бейнежазбада ата-ана баласының демалысын қалай өткізіп жатқанын көріп, алаңдаушылық білдіргенін жеткізеді. Келуші саны мөлшерден көп, төсек-орын жетіспейді деп жариялаған. «Баламды лагерьге жібердім» деп ойлаған ата-ана қазір бұл ісіне өкінеді. Ол полицияға арыз беріп те үлгерген.

– Қызымнан неге ұйықтай алмадың? – деп сұрадым. Ол бөтен еркектердің іш киіммен кіріп-шығып жүргенін айтты. Бөтен еркек менің баламды неге ұрады? Мен оларға сеніп жібердім ғой, – деді ата-ана Фарида Шүденбаева.

Бұл – Ұзынағаштағы SPA орталығы. Көпшілік әдетте саунасы мен хауызына келіп көңіл көтеретін көрінеді. Бұл орынға барып көргенімізде қызметкерлер мұнда о баста балалар болмағанын айтып, жауаптан қашты. Тіпті, қақпасын да ашпады.

Ағашпен қапталып, арнайы пешпен жылынатын бұл жер саунаның VIP бөлмесі. Мұндағылар ішімдік ішіп, көңіл көтеретіндер де жиі келетінін айтты. Ал ата-аналардың айтуынша, 300 балаға жазғы лагерь ретінде ашып, балалардың басын қатерге тіккен. Балалар санитарлық норма сақталмаған еденде ұйықтаған.

– Біз оларды жазалауды талап етеміз. Болашақта лагерьді өзіміз таңдағымыз келеді, – деді ата-ана Бағдагүл Дабырова.

Мына кадрлерден «бұл жерде жеткіншектер болған жоқ» дегенді жеткізгісі келгендердің матрастарды сарайға тасып, жасырмақ болғанын байқауға болады. Ғимарат ішіндегі кейбір төсек-орындарды да сыртқа шығарып үлгермепті. Тек қалалық Білім басқармасының өкілдерімен бірге келгенінде ата-аналардың алдына шығып сұхбат берген.

– Балалар осында жатқаны рас. Мен өтірік деп тұрған жоқпын. «Арман –даланың дайындаған орны басқа болар. Бізге балаларды әкеліп, осында түнейтінін айтты. Оларды түсте  келген. Күн ыстық. Бәріне түскі ас бердік.  Алып келген соң, қараусыз қалдырмаймыз ғой, – деді демалыс орталығының әкімшісі Жазира Қуанышқызы.

Қазір бұл жайтқа байланысты шұғыл комиссия құрылып, тексеріс жүріп жатыр. Ата-аналар шағым айтқан орталыққа арнайы ат басын бұрған Білім басқармасы бастығының орынбасары жағдайды жіті бақылауға алатынын жеткізді.

– Алматы қаласының білім басқармасы балалар демалысын ұйымдастыру бойынша жауапсыз қызмет көрсетушілермен соттасатын болады. Қызмет көрсетушіге, яғни «БелРичи» ЖШС компаниясына қатысты жауапсыз жеткізуші деп тану және мемлекеттік сатып алуға қатысуға одан әрі тыйым салу туралы талап-арыз дайындалып жатыр. Қызмет көрсетушімен қазіргі шарт бұзылады, сондай-ақ осы компанияның басқа мемлекеттік сатып алуға қатысуына жол бермеу үшін жосықсыз өнім беруші деп тану туралы талап арыз беріледі, – деді Алматы қалалық Білім басқармасы басшысының орынбасары Айдын Сайлаубай

Бұл жағдайға қатысты Алматы қаласының прокуратурасы соталды тексерісті бастап кетті. Сонымен қатар, қала сыртындағы барлық жазғы лагерь қатаң қадағалаудан өтетін болады. Ал демалыс орнының қызығын көре алмаған жеткіншектер жақын арада басқа лагерьге жіберілмек.

Әлібек Шынтемір, Жақсылық Тілепперген, «Алматы» телеарнасы