Құрбан айтта мал бағасын қымбаттату дұрыс емес - имам

27.06.2023 в 18:28

Бұл – сауапқа кенеліп, бір-біріне жәрдем қылатын мейрам

Құрбан айтта мал бағасын қымбаттату дұрыс емес. Қасиетті мейрамда адамдар бір-біріне жәрдемдесу керек. Бұл туралы Алматыдағы Орталық мешіттің имамдары айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сауапқа кенелетін айтулы күн қарсаңында базарларда қазірден-ақ қарбалас. Шопандар сатылымға қойын шығарып әлек болса, құрбандыққа мал іздеген жұрт та көп.

– Ертең сатушылар малдың бағасын көтеретінін айтты. Себебі құрбандық шалуға адам көп келеді – деді қала тұрғыны Азат Әлімқажиев.

Құрбандыққа қой, сиыр, ешкі немесе түйе шалады. Тоқтыны 40-50 мың теңге аралығында, қойды 60-70 мың теңге аралығында сатып алуға болады. Базарда ниет етіп, мал сатып алуға келген мұсылман көп. Арасында елдің даңқын асқақтатып жүрген, аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмонов та жүр.

– Қазақ елі, барша мұсылман бауырлар, келе жатқан Құрбан айт мейрамымен құттықтаймын. Қой таңдап, құрбандық шалу ниетіміз бар. Бәріңізге бұйырсын, – деді спортшы Шавкат Рахмонов.

Базарда жергілікті сатушылардан бөлек, өзге өңірден келген шаруалар да отыр. Бірі Жетісу, енді бірі Тараздан келген.

– Бастапқыда 50 қой әкелдік. Алдағы 3 күнде сатамыз, – деді Тараз қаласының тұрғыны Ерасыл Орынтай.

Мал бағасына шамданғандар да, былтырмен салыстырғанда арзандағанын байқағандар да бар.

– Малдың бағасын түсір деуге болмайды. Қаншаға айтса, сол ақшаға алу керек, – деді қала тұрғыны Алипаша Құрбанов.

Ал дін қызметкерлері «бұл – жансақ пікір» дейді. Орталық мешіттің наиб имамы Бекзат Сыздықов қасиетті күнде «саудаласуға болмайды» деген заңнын жоғын айтты.

– Пайғамбар (с.ғ.с.) Хадисінде «Саудаласыңдар, саудада береке бар» дейді. Сондықтан бұл қайсы кезде болмасын, зат алушы адамның саудаласуға толық құқығы барын білдіреді. Дәл сол сияқты Құрбан айт кезінде де малды саудаласып алғанымыз абзал болады, – деді  Орталық мешіттің наиб имамы Бекзат Сыздықов

Имамның айтуынша, мейрамда бас пайданы ойлап, мал бағасын тым қымбаттатып жіберу де дұрыс емес. Себебі бұл – сауапқа кенеліп, бір-біріне жәрдем қылатын мейрам. Айта кетсек, биыл құрбандық шалуға Алматыда арнайы 14 орын дайындалған.

Оразай Нұртайұлы, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы