Қазақстанға Түрікменстаннан 265 қандас көшіп келеді

22.02.2022 в 19:49

Қоғам белсендісі қандастардың жергілікті халық арасына сіңісіп кетуіне қатысты ұсыныс айтты

Қазақстанға Түрікменстаннан 265 қандасымыз көшіп келеді. Бұл туралы қоғам белсендісі Бурахан Даканов Facebook-парақшасында халықтан сүйінші сұрап хабарлады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Сүйінші, ағайын! Атамекенге сонау Түрікменстаннан елін, жерін аңсаған 265 қазақ келе жатыр. Сүйінші!!! Көбейіп келеміз, тіпә-тіпә. Барынша таратып жіберіңіз. Бар қазақ көрсін. Қуансын», - деп жазады қоғам белсендісі.

Бурахан Даканов елімізге оралып жатқан қандастарды енді аман-есен күтіп алып, олардың жергілікті халық арасына сіңісіп кетуі мәселесіне қатысты ұсынысын айтты.  

«Көп ағайындар бұл кісілерді Солтүстікке көшіру керек деп жатыр. Бұрыннан бері айтып жүргендей, бұл ағайындарды теріскейге әкеліп, жерсіндіру үшін арнайы адаптациялық орталық керек. Әйтпесе аздап қиналып қалады.

Адаптациялық орталық жайлы ұсынысымды Есен Елеукен мырзаның YouTube-арнасында шет жағасын айттым. Парақшамдағы бұрынғы жазбаларымда да бар. Солтүстікке көшті қолдасаңыз маған достық жіберіңіз. Теріскей ауылдарын адамға, даласын малға ел боп, жер боп тізе қосып бірге толтырайық», - дейді Б. Даканов.