Алматылықтар Түркістан облысындағы су тасқынынан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жинауды бастады

05.04.2020 в 18:36

«Jas otan» жастар қанатының еріктілері арнайы штаб құрды

Алматылықтар Түркістан облысындағы су тасқынынан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жинауды бастап кетті. Бұл іске алғашқылардың бірі болып Алматы қалалық «Jas otan» жастар қанатының еріктілері бел шеше кірісіп, арнайы штаб құрды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ол жерге отандастарына көмектесемін деген азаматтар қажетті деген азық-түлік, киім-кешектен бастап ақша да аударуына болады.

«Біз кеше ғана Түркістан облысының Жастар ресурстық орталығына хабарласқан болатынбыз. Ең қажетті дүние бұл кішкентай балалардың тамағы, сонымен қатар жеке гигиеналық заттар, кейіннен барып жаздық киімдер. Сол себепті «Jas otan» жастар қанатының Мақтаарал ауданына арналған штабты құрған болатынбыз», – деді қалалық «Jas otan» жастар қанатының төрағасы Мәди АХМЕТОВ.

Ұйымдастырушылардың сөзінше жомарт жандар үшін арнайы колл-центр жұмыс істеп тұр. Штабтың ашылғанын естіген ірі компаниялардың бірі заттай өткізіп жатса, басқалары ақшалай көмек көрсетуді бастап кеткен.  Гуманитарлық көмекке байланысты қосымша ақпаратты 8778 258 8236 телефон номеріне хабарласып алуға болады.

«Таңнан бастап көптеген кісілер қандай көмек керек екенін сұрап жатыр. Осы екі-үш күннің ішінде жиналған көмекті біз жинақтап Түркістан облысына жіберетін боламыз. Ол жақтан қабылдап алатын адамдар бар. Қиын сәтте біз, расымен де, бірге екенімізді іс жүзінде көрсетуіміз керек», – деді қалалық «Jas otan» жастар қанатының төрағасы Мәди АХМЕТОВ.