Қазақстанда 1 милионнан аса адам жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңға ілігуі мүмкін

05.01.2023 в 18:40

Бастама алдағы наурызда іске аспақ

Қазақстанда 1 милионнан аса адам жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңға ілігуі мүмкін. Азаматтардың төлем қабілетін қалпына келтіру үшін қабылданған құжат алдағы наурыз айынан бастап күшіне енеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ол үшін банкроттық рәсімдерінің 3 түрі қолданылмақ.

Қазір елімізде 1 миллионнан аса адамның несиелерді өтеу мерзімі бұзылған. Борышкерлердің мүлкі болмауына байланысты 4 млрд теңге өндіру құжаты кері қайтарылыпты. Коммуналдық төлемдер мен салыққа белшесінен қарызы барлар да жетіп артылады. Азаматтардың төлем қабілетін қалыпқа келтіру үшін өткен жылдың басында-ақ Президент пәрменімен заң жобасы қолға алынған еді. Енді 10 жыл бойы қолдау таппаған бастама алдағы наурызда іске аспақ.

«Азаматтар банктерге немесе микроқаржы ұйымдарына банктік емес коллекторлық ұйымдар алдында егер де қарызы болса және бұл қарыздары 5,5 млн теңге болса қарыздары 12 ай бойына төленбеген болса осы рәсімді қолдана алады», – деді Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми өкілі Айнұр Сартаева.

Халықаралық тәжірибе ескеріліп, қаржылық сауықтыру шарасының 3 түрі енгізілді. Алғашқысы - соттан тыс банкроттық, сот банкроттығы мен төлем қабілетін қалпына келтіру. Барлық үш рәсімге тек борышкер ғана бастамашы бола алады. Яғни, несие беруші өздігінен борышкерге қатысты бұл процедураларды қолдана алмайды.

«Өтінім бергенге дейін міндетті түрде банктер немесе микроқаржы ұйымдарымен қарыздарына байланысты алдын ала реттеу шарасын жүргізуі керек. Бұл жерде банктерде өз тарапынан қарызын өтей алмай жатқан азаматтарға түрлі шара қолданады», – деді Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми өкілі Айнұр Сартаева.

Екінші рәсім аясында 4,9 миллион теңгеден асатын қарызы барлар сот банкроттығына жүгіне алады. Ал, үшінші рәсім жеке тұлғаның тұрақты кірісі болған жағдайда 5 жылға дейін сот тәртібімен бөліп төлеу негізінде жүзеге асырылмақ. Бастаманың негізгі мақсаты – қарызға белшесінен батқан халықты дер кезінде қолдау.

«Жеке адамдардың есепшоты, карточкасы бұғатталады сөйтіп күнкөруі қиындайды. Сондай төлемді төлей алмай, қиналады. Осындай мәселе көп болған соң, заңды қабылдап жатырмыз. Заң керек себебі, төлей алмайтындарды банкрот деп жариялап, қаржылық ұйымдардың да, адамның да жұмысына мүмкіндік жарату», – деді экономист Сапарбай Жобаев

Енді банкроттықтың салдарына тоқталсақ. Қабылданған құжат бойынша азаматтардың 5 жылға несие алуын шектеу ескерілген. Мұнымен қоса, екінші қайтара 7 жылдан кейін ғана банкроттыққа қайта жүгіне алады. Сондай-ақ 3 жыл бойы адамның қаржылық жағдайына мониторинг жүргізіледі.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы, Астана