Кедейлік шегі медиандық табыс деңгейі арқылы анықталады

27.12.2022 в 18:40

Әлеуметтік кодекс 5 бөлімнен, 19 тараудан және 267 баптан тұрады

Кедейлік шегі медиандық табыс деңгейі арқылы анықталады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова айтты. Бүгін Үкімет отырысында Әлеуметтік кодекс қабылданған болатын, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Әлеуметтік кодекс жобасының қыр-сырын атады. Құжат 5 бөлімнен, 19 тараудан және 267 баптан тұрады. Ведомства басшысы әуелі отбасының цифрлық картасына тоқталды. Ол отбасы мүшелерінің әлеуметтік статусына қарап, мемлекеттік қолдаудың қандай түрін алуға құқылы екендігін жеткізіп отыратын электрондық жаршы құралы ретінде қызмет етеді. Мұндай ақпарат әрбір жанұяға мемлекет тарапынан СМС-хабарлама ретінде жіберілмек. Ал оның аты – проактивті формат.

«Проактивті формат дегеніміз, мемлекет өзінің қызметін халыққа пайдалануды ұсынады. Мәселен, жаңадан босанған ананың нөміріне смс хабарлама келеді. Сол хабарламаға жауап бере отырып, сіз баланың туу туралы куәлігін рәсімдеуге рұқсат бересіз және мемлекеттен тағайындалатын әлеуметтік жәрдемақыны ала аласыз. Сондай-ақ баланы балабақшаға кезекке қоюға болады. Қысқасы, проактивті формат деген, сіз әуелде айтылған құжаттарды, жәрдемақыны рәсімдеу үшін бөлімшеге келіп жүрмейсіз. Барлығын осы смс-ке жауап беру арқылы жасайсыз», – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова.

Елімізде өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар «тәуелсіз жұмыскер» деп аталатын болды. Яғни, түрлі платформаларда еңбек ететін қыз-жігіттер дәл осы санатқа жатады. Осылайша, олардың жария шарттарын жұмыс шарты ретінде тану, платформа операторларын салық агенттері ретінде белгілеу сияқты жаңа тәсілдер енгізу көзделіпті.

«Айта кететін бір жайт. Енгізілетін оңтайлы режимдер бүгінгі жұмыскерден қосымша тіркелуді талап етпейді. Оларға қосымша қаражаттық жүктеме де болмайды. Аударылатын жарналар олардың бүгінгі платформа операторларына және таксопарктерге аударып жүрген төлемдік пайыз негізінен жүргізілетін болады», – деді Тамара Дүйсенова.

Сонымен қатар, Тамара Дүйсенова кедейлік шегі бұдан былай медиандық табыс деңгейі арқылы анықталатынын айтты. Яғни ол, халықтың нақты тұтынушылық шығынын жабатын орташа күнкөріс табысы дегенді білдіреді. Оның сомасы қомақты және атаулы шарамен бірге беріліп, отбасылардың қиын өмірлік жағдайдан шығуын қамтамасыз етеді. Үкімет басшысы Әлихан Смайылов та бұл құжаттың маңызына тоқталды.  

«Кодекс Парламенттің қарауында болғанымен, жекелеген әлеуметтік шаралар 23 жылдан бастап іске асырылады. Айталық келесі жылдың басынан бастап бала күтімі бойынша төлемдер 1 жастан, 1,5 жасқа дейін ұзартылады. Әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылар үшін жұмыстар айырылған кезде төленетін төлемдер орташа айлық табыстың 45 процентіне дейін ұлғаяды», – деді ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов.

Премьер-министр Әлеуметтік кодекстен бөлек, Үкімет тарапынан әзірленіп жатқан бірнеше заң жобасының уақытылы дайындалуы мен ұсынылуына мемлекеттік органдардың бірінші басшылары жауапты екенін еске салып, сөзін қорытындылады. «Биылғы жыл оңай болған жоқ» деген Әлихан Смайылов 2023 жылы әріптестерін босаңсымауға шақырды.    

Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы, Астана