TEZ.KZ: шетелде қалған қазақстандықтардың алғашқы легі елге оралды

25.01.2024 в 18:44

TEZ.KZ туроператоры 23 қаңтарда министрлікке жұмысын тоқтатқаны жайлы хабарлады

Туроператорлардың бірінен жолдама сатып алып, шетелде қалған 300-ден астам отандасымыздың алғашқы легі елге оралды. Бұл туралы «Туристік қамқор» қорының төрағасы мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Туроператорының жұмысты уақытша тоқтатуына қаржылық мәселенің туындауы себеп». Ширек ғасырдан бері туристерге қызмет көрсетіп келе жатқан халықаралық компанияның өкілі осылай деді. Дегенмен дәл осы туроператоры арқылы шетелде жүрген отандастар үшін алаңдауға негіз жоқ. Туризм және спорт министрлігі олардың қалай қайтатынын айтып түсіндірді. Бүгін туристердің алғашқы легі елге оралған.

– TEZ.KZ туроператры 23 қаңтарда министрлікке жұмысын тоқтатқаны жайлы хабарлады. Министрлік шұғыл түрде «Туристік қамқор» және TEZ.KZ-пен бірге жиын өткізді. Осы министрліктің қолдауымен барлық туристер шетелде демалып жатқан уақытылы өзінің билетінде бекітілген күні елімізге оралатын болады, – деді ҚР Туризм және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитеті төрағасының міндетін атқарушы Нұртас Кәріпбаев.

Отандастарымызды елге қайтару үшін «Туристік қамқор» корпоративтік қоры да атсалысып жатыр. Ұйым төрағасы барлық турист агенттіктің кепілдік жүйесінде жинақталған қаражат есебінен Қазақстанға қайтарылатынын айтты.

Айта кетейік, аталған қордың негізгі мақсаты – туроператордың міндетін орындау мүмкіндігі болмаған жағдайда саяхаттаушылардың елге оралуын қамтамасыз ету.

– Бүгін елге оралған туристер мәселе туындағанын білген де жоқ. Бәрі ойдағыдай өтті. Қордың қауқары жетеді. Біз министрлікпен тығыз жұмыс істеп, барынша көмек көрсетуге тырысамыз, – деді «Туристік қамқор» корпоративтік қорының төрағасы Инна Рей.

Сондай-ақ компаниядан жолдама сатып алып, әлі шетелге кете алмай жүрген азаматтар бар. Ал 290 адам туроператордан ақшасын талап етіп отыр.

– Осы тұста айтып өтейін, біз ешкімнен қашпаймыз. Осындамыз. Біз қазір ақшаны қайтару үшін қолымыздан келгенді жасап жатырмыз. Халықаралық үлкен компанияның филиалымыз. Мәселе шешіліп, бәрі орнына келгенде жұмысты жалғастырамыз, – деді халықаралық туроператоры филиалының директоры Игорь Марчук.

Компания өкілдері туындаған қаржылық мәселелерді шешуді жолға қойдық деп отыр. Сөздеріне сенсек, агенттік 3 айдың ішінде туристердің ақшасын толық қайтарады.

Гүлмарал Изатқызы, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Президент Алматы қаласының әкімдігіне барды