Былыққа батқан мектеп: асханадан мерзімі өткен сүт өнімдері анықталды

04.10.2023 в 18:45

Білім ордасында күніне 1400 бала тамақтанады

«Қоқыстағы тамақты қайта жылытып береді». Осылай деп шағым айтқан ата-аналар Алматы облысына қарасты Тұздыбастаудағы № 13 орта мектептің асханасы былыққа белшеден батқан деп отыр. Олар тіпті тамақтану орнынан мерзімі өткен 60-қа жуық айранның анықталғанын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл бейнедегі бассыздықты білім ордасына бас сұққан ата-аналар кеше таспалап алған. Мәселенің барын білген олар мектеп басшылығымен бірге комиссия құрған. Айранның аузы ашылмай жатып, ішуге жарамсыз болып қалғаны бәрінің таңданысын туғызыпты.

– Біз асханаға шағымданғанбыз, былтыр да шағым айттық. Ата-анада барлық сурет бар. Бәліштердің, пиццалардың іші қандай, сырты қандай, бәрінің сурет бар. Былтыр ешқандай шара қолданылмады. Жалға алған аспаздар биыл қайтадан жұмыс істеп жатыр. Биыл да айраннның мерзімі өтіп кеткен. Мен итке ондай айран бермеймін. Неге балалар ішуі керек? Үкімет балаға ақша бөлді, дұрыс тамақ берілсін, – деді ата-ана Эльмира Шойбекова.

– Мерзімі өтіп кеткен айранды таптық. Акт жасалды. Бір айттық, екі айттық ешқандай комиссиядан қорықпайды. Директор бұл туралы біледі. Бірақ нәтиже жоқ, – деді ата-ана Мадина Сапарова.

Ал әдетте қонағын қуана қарсы алатын асхана, тілшілер тобынан тосырқай қашып, азық-түліктерді тыға бастады. Енді бірі едендегі шаңды сүртіп әлек.

– Пакетке саламын да шығарып тастаймын. Оны қыздар «обал, таза ғой» деп тоңазытқышқа салып қойған. Мен байқамай да қалыппын. Мерзімі өтіп кеткен айран тоңазытқышта тұр, ал басқасына тапсырыс беріп үлгермедім. 60 қораптағы айранды шығарып тастадық, балаға берген жоқпыз, – деді аспаз Назира Қилыбаева.

Арнамызға арызданған ата-аналар асханада қоқыстан шыққан тамақты қайта жылытып беруі мүмкін деген айып тағып отыр. Ал мектепте күніне 1400 бала асханадан тамақтанады.

Білім ордасының басшылығы олқылықтан хабардар. Бірақ білім бөліміне хат жазумен шектелген.

– Акт жасалып, 7 адамнан құрылған комиссия, ата-аналар қол қойылды. Білім бөліміне ескертілді, – деді № 13 орта мектептің директоры Мадияр Азанбаев.

– Тұздыбастау ауылындағы №13 мектепте аталған кемшіліктер бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Асхананы жалға алушы медігермен сөйлестік, – деді Талғар ауданы білім бөлімінің бас маманы Гүлім Қайратқызы.

Бұқара базынамызды біржақты етеді деп сенім артқан Талғар ауданының білім бөлімі де мәселені толық шеше алмады. Арыз айтылған асхананың жалға алушыларына тек ауызша ескерту бердік деп ақталды. Бірақ мердігер жыл соңына дейін жұмыс істей алады.

Әлібек Шынтемір, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Мектептегі мерзімі өткен сүт өнімдері: қылмыстық іс қозғалды