Қаңтар оқиғасына қатысқандарға рақымшылық жасау тәртібі әлі жасалмаған

19.09.2022 в 18:54

Рақымшылық туралы заңды парламент қабылдайды

Президенттік өкілеттік пен елорданың атын ауыстыратын заң жедел қабылданғанымен, қаңтар оқиғасына қатысқандарға рақымшылық жасау тәртібі әлі жасалмаған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бүгін орталық коммуникациялар қызметінде журналистер сұрағына жауап берген әділет миинистрі Қанат Мусин жаппай тәртіпсіздікке қатысқандарға рақымшылық ету үшін алдымен заң қабылдануы керек дейді. Содан кейін ғана тізім жасалып, оған кімнің кіретіні белгілі болады.

«Әзірше тізім жасайтын заң жоқ. Ал Рақымшылық туралы заңды парламент қабылдайды. Осы заңда рақымшылыққа ілігетін адамдар мен қылмыс түрлері көрсетіледі. Міне, дәл осы заң қабылданғаннан кейін тізім жасалады», – деді ҚР Әділет министрі Қанат Мусин.

Айта кетейін, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында қаңтар оқиғасына қатысқандарға бір реттік рақымшылық жариялаған болатын. Бірақ тәртіпсіздіктерді ұйымдастыруға қатысы бар басты фигуранттар, сондай-ақ мемлекетке сатқындық жасады және билікті күшпен басып алуға тырысты деп айыпталып отырғандарға кешірім жоқ.