Жер опырылды: Кемертоғанда тұрғын үйлердің астындағы топырақ үгітіле бастады

02.04.2024 в 19:24

Әкімдіктегілер сараптама қорытындысын күтіп отыр

«Жер опырылған сайын, шошып оянамыз». Алматы облысында өзен бойындағы жар жағасы құлап, күннен күнге кеңейіп барады. Қазірдің өзінде шетке салынған тұрғын үйлердің астындағы топырақ үгітіле бастапты. Қара жердің желінуіне қар ерігенде деңгейі көтерілетін өзен себеп болуы мүмкін, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Суы аса мол деуге келмес, бірақ бұл өзеннің бойы биік жар. Тұрғындардың сөзінше, бүгінде ол тоқтаусыз кеңейіп, жағадағы үйлерге жақындап қалған. Жер бұлай опырыла берсе, баспаналар кез келген сәтте түсіп кетуі мүмкін.

– Бер жағында ағаштар бар, ұстап тұратын. Ал арғы беті гүрсілдеп құлайды. Балаларды жақындатпаймыз, топырақ езіліп тұр. Көрші үйдің асты күннен күнге опырылып жатыр, – деді Кемертоған ауылының тұрғыны Сырғаш Исмағамбетова.

Кемертоғандықтардың айтуынша, осы жағдайға байланысты үйінің құрылысын тоқтатып немесе жерін сатып кетуді жоспарлаған жан көбейген. Себебі арнасы арандай болып ашылып жатқан кішігірім өзеннің жағасы, топырағы үгітіліп, күн өткен сайын азайып, жол жиегіне жақындап жатыр.

– Жаңбыр жауса, жол да қирайды. Төгіп қойған топырағынан пайда жоқ. Жаңбыр, қар жауған күні су тасыды. Бәрі құлайын деп тұр. Балалар мектепте 3 ауысымда оқыған соң, 3 мезгіл автобус жүреді. Оқыс жағдай болса, кім жауап береді? – деді Кемертоған ауылының тұрғыны Салтанат Әкімбаева.

– Бұл – жалғыз жол. Оның өзі тар, жарығы жоқ. Балаларды мектепке жалғыз жіберуге қорқамыз. Алдында аздап жасағандай болған. Оның өзінің арғы жағында тіреуі жоқ, – деді Кемертоған ауылының тұрғыны Қайрат Әлімханов.

Ал тіреу қою үшін әкімдіктегілер төтенше жағдайлар қызметі қолға алған сараптама қорытындысын күтіп отыр.

– Сараптама қорытындысы шыққаннан кейін, төтенше жағдайлар департаментімен бірлесе отырып, тиісті жұмыстарды жүргіземіз, – деді Іргелі ауылдық округі әкімінің орынбасары Әркен Кенжебай.

Бірақ әлгі сараптаманың қорытындысы қашан шығары әзірге белгісіз. Әкімдіктің мәліметінше, бұл жар бұрыннан бар. Ал тұрғындардың айтуынша, оның аумағы соңғы 2 жылда біраз ұлғайған.

Оразай Нұртайұлы, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Жарық жоқ: жекеменшік кәсіпкерге күні қараған кемертоғандықтар ауыз суға зәру