ҚМДБ қажылық сапарын ұйымдастыратын компанияларды бекітті

06.12.2023 в 21:12

Қажылыққа 20 желтоқсанға дейін тіркеуден өткендер ғана барады

ҚМДБ үлкен қажылық сапарын ұйымдастыратын 17 компанияны бекітті. Алдағы уақытта отандастарымызға қызмет көрсетуге конкурстан өткен туроператорлардың ғана толық құқығы бар, деп хабалайды Almaty.tv тілшісі.

Алдағы үлкен қажылық маусымның басына жоспарланған. Алайда ниет еткендерді тіркеу басталды. Сондықтан ерте қамданған жөн. Себебі бұл жолы 20 желтоқсанға дейін тіркеуден өткендер ғана қажылыққа бара алады. Сауд Арабиясындағылар адам санына қарай орын дайындап үлгеру үшін осындай талап қойған.

– Сауд Арабиясы Қажылық министрлігі әлемдегі мұсылмандарға бірдей талап қойды. Қажыларды, ниет білдірген азаматтарды тіркейді. Олар туралы мәліметі қажылықтың бірыңғай электронды жүйесіне енгізеді. Мәліметке сәйкес, елімізге қажылық орындары бөлінетін болады, – деді Қажылық компаниясының директоры Бектемір Қуандықұлы.

Мүфтият қызмет көрсететін 17 туроператорды бекітті. Ресми сайтында конкурстан өткен компаниялардың тізімін де жариялаған. Бұл компаниялар қажылардың қауіпсіздігіне, оларды Мекке-Мединаға апарып-әкелуге, қонақүй және ас-сумен, транспортпен қамтамасыз етуге және тиісті құжаттарын рәсімдеуге міндеттелді. Дін қызметкерлері қазақстандықтарды келеңсіздектерге тап болмас үшін соларға ғана жүгінуге шақырды.

– Ашық конкурстың негізінде туроператорлардың заңдық лицензиясы және олардың 5 жылдан асқан тәжірибесі ескерілді. Осы талапқа сай олар қажылық құлшылығымен айналысуға рұқсат алды, – деді ҚМДБ Қажылық бөлімінің меңгерушісі Жәнділлә Бекжігітов.

Есте болса, өткен жазда Меккеге аттанған 100-ден астам қазақстандық шетелге жеткенде қиындыққа тап болған еді. Бес парыздың бірін орындауға барғандардың біразы құлшылық жасау былай тұрсын, мешіт маңына да жолай алмаған.

Оразай Нұртайұлы, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Қажылыққа апарамын деп алдаған туристік фирманың директорына сот үкімі шықты