Жамбыл облысында газы бар ауылдар көмір жағуға мәжбүр

16.02.2023 в 19:00

Көгілдір отынға қол жетеді дегелі 2 жыл өткен

Әлеуметтік мәселесі бүтін бір елдімекеннің бас ауруына айналған ауыл көп елде. Жамбыл облысына қарасты Тасөткел ауылдық округінде сапалы жол, көше жарықтары атымен жоқ, деп хабарлайды Almaty.tv.

Көгілдір отынға қол жетеді дегелі әп-сәтте 2 жыл өтіп кетті дейді.

Тасөткел ауылдық округінде қарасты 1163 халық бар, олар 3 елдімекенде тұрады. Соның бірі Аспара ауылы. Тоғыз жолдың торабында орналасқан ұлтарақтай ауылға биліктің ерекше назары қажет секілді.

Аспара стансасына келсең, құдды бір өткен ғасырдың өзегіне түсіп кеткендей боласың. Себебі мұндағы көрініс осындай. Мәселен жолдары шұрық-тесік, бағана сымдары адам бойынан аласа. Ал бұл ауылға 2 жыл бұрын көгілдір отын кіргізілмекші болған. Дейтұрғанмен, тұрғындар әлі күнге дейін көмір жағып отыр екен.

“Интернеттің сымын айтқаныма 2 ай десем, өтірік айтпаймын. Астанаға дейін хабарласып жатырмын. Интернет сымы үзік-үзік, қолайсыз ауа райында дұрыс істемейді. Жолымыз шұрық-тесік. Газ жоқ. Газ жүргіземіз дегелі 2 жыл болды”, – дейді Аспара ауылының тұрғыны Жанар Қуанышова.

“Жолымыз шұңқыр-шұңқыр болып кеткен. Жолды салғанына көп болған жоқ. Газды болса әлі қоспай жатыр ғой. Жылда жүргізеді, шала-шала жүргізеді де, соңы жоқ. Екі жыл болды уәде береді, әлі жоқ газымыз. Енді биыл білмеймін, күтіп жүрміз”, – дейді Аспара ауылының тұрғыны Бақытгүл Нұрмағанбетова.

Аспара мен қатар Тасөткел ауылы бір округте орналасқан. Шекаралас жатқан ауылдардың мәселесі бір. Тасөткелдік тұрғындар да әкімдік тезірек жол, газ мәселесін шешіп берсе дейді. Бір қызығы бұл ауылда құрылыс жұмыстары аяқсыз қалған көшелер бір емес бірнеше.

“Бөлтірік көшесі, Жексен көшесі, Қонаев көшесінде тасжол салынған жоқ. Оны әкім соттасып жеңдік дейді, білмеймін әлі салынған жоқ. Міне, 3 жыл өтті. Газ мәселесі де бар. Қалай болса солай істеп кетті”, – дейді Тасөткел ауылының тұрғыны Бақытжан Жанпейісов.

Ал ауылдық округ әкімі бұл мәселенің бәрінен хабардармын, кезең-кезеңімен шешіледі, деп ақталғандай болды. Атқамінердің сөзінше Аспара ауылы биыл көше жарық шамдарымен жабдықталмақ. Ал көгілдір отынның қосылуы үшін барлық құжаттар дайын емес дейді.

“Газ бар, бірақ құжаты бітпеген. Газды құжаты бітпей қоспайды, оны қосып ертең төтенше жағдай болса олар жауап береді. Ол үшін бірінші “ТрансГаз” техникалық шартын жасайды, содан кейін жобасын жасайды, жобадан соң төлейтін төлемін төлейді. Содан кейін барып оған рұқсат береді”, – дейді Тасөткел ауылдық округінің әкімі Батырбай Жақсымбетов.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, еліміздегі барлық ауылдар 2025 жылға дейін сапалы су, асфальт жол, қысқаша, инфрақұрылым жүйесімен толық жабдықталуы тиіс. Енді тапсырманы тапсырғандар жоспарды жүйелі орындайды деген ел сеніп отыр.

Жомарт Есқара, Руслан Сандыбаев, Алматы телеарнасы, Жамбыл облысынан.