Қысқы маусым: көлік дөңгелегі ауыстырылмаса, жүргізуші қанша айыппұл төлейді

31.10.2023 в 19:31

Қарашада заң бұзғандарды тәртіп сақшылары қатаң бақылауға алмақ

Қардың түскенін күтпей-ақ көліктің дөңгелегін ауыстыруға асығыңыз. Мамандар осылай деп дабыл қағып отыр. Ауа температурасы 0-градустан төмен түссе, жолда жүру қауіпті екенін ескертеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қаладағы дөңгелек ауыстыру орындарында қарбалас басталды. Қызметкерлер «науқан жүріп тұрса да, баға өспеді» дейді. Баға 8 мың теңгеден басталып, көліктің түріне қарай құбыла береді. Ал алматылық көлік жүргізушілер аяз түспей дөңгелектерін ауыстыруға асығар емес.

– Дөңгелекті міндетті түрде ауыстырамын. Ауа райы суытса, таңертең тайғақ болады. Апат болуы мүмкін, денсаулыққа өте қауіпті, – деді қала тұрғыны Ғазиз Есенбаев.

– Қарашаның ортасында ауыстырамын. Бағасы қымбат. Арзанын алсаң, сапасы нашар. Қымбатын алғың келеді, бірақ қалта көтермейді, – деді қала тұрғыны Талғат Тұрлашев.

– Ауыстырдым. Мен дөңгелек ауыстыруға сағат 9:00-де барып, сағат 16:00-де әрең шықтым. Кезекке тұрғандар көп, – деді қала тұрғыны Талғат Әдіханов.

Ал қысы қалың Астана мен еліміздің батыс аймағында шегесі бар дөңгелектерге сұраныс басым. Мамандар көліктің бұл бөлшегін сатып алар кезде ақша үнемдеп арзанына жүгірмеген жөн дейді. Әсіресе сапасы мен шыққан жылына мән беру керек екенін айтты.

– Тұтынушылар дөңгелектің шыққан жылына мән бермейді. Бұл аса маңызды. Себебі, қанша жерден жаңа болса да, қоймада жатқан дөңгелектер тозып кетуі мүмкін. Мұндай тауар қыста кедергі болып, тежегішке мүлдем бағайынбайды, – деді автокөлік дөңгелегін сататын компанияның сапа қызметін бақылаушы Павел Май.

Ескерте кету керек, алдағы айдан бастап заң бұзғандарды тәртіп сақшылары қатаң бақылауға алмақ. Көліктің дөңгелегін ауыстырылмаса, жүргізуші заң аясында айыппұл төлейді.

– ҚР заңына сәйкес жүргізушілер 1 желтоқсаннан  ақпанның соңына дейін қысқы дөңгелек пайдалану қажет. Егер де бұл жағдай орындалмаса, Әкімшілік кодекстің 590-бабы 5-тармағына сәйкес 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл қарастырылған, – деді Алматы қаласы Полиция департаменті баспасөз қызметі басшысының орынбасары Еркін Өтегенов.

Сарапшылар пікірінше, жыл сайын қысқы уақытта жаздық дөңгелекпен жүретіндер азайып келеді. Дегенмен маусым сайын дөңгелек алмайтындар бар көрінеді. Ал ауыстырылған дөңгелек келер жылға дейін құрғақ жерде тұрғаны дұрыс.

Ұлағат Арғын, Медет Саматұлы «Алматы» телеарнасы  

Оқи отырыңыз: Биыл қыста ауа райы қандай болады