Шетелдегі қарулы қақтығыстарға қатысқан азаматтарға қандай жаза қолданылады

28.07.2023 в 19:01

Үгіт-насихат жасап, қаржыландыру ісін ұйымдастырғандар да жазадан құтылмайды

Әлем алаң-елең күйдегі алмағайып уақытта мүдделі топтардың да бой көрсететіні белгілі. Қиыны, мысықтілеулілердің кінәсізді күнәлі істерге араластырып, ақыры арандатуы. Соңғы уақытта елден өзге аумақтардағы түрлі қақтығыстарға «оң-солын енді таныған жастарды тарту бар» деген қауесет те жоқ емес. Almaty.tv тілшісінің айтпақ мәселе де – осы.  

Арандату, алдау, арбау – қоғамды белгілі бір мақсатқа қозғаушы күштердің ұраны іспетті. Елден тыс аумақтағы істерге араласамын деген азамат өзін ғана емес, жақындарының да басын қатерге тігеді.  Бұл – білікті заңгер Алина Шынтаеваның пікірі. Сондай-ақ өз еркімен ахуалы тұрақсыз аймаққа аттануының өзі қылмыс екен. Оған қолданылатын жаза да қатал.

– Айыппұлмен немесе бірнеше күнге отырғызып, адам түзелсін, түсінсін дегенмен шектелмейді. 5-9 немесе 7-12 жыл аралығында, кейде 20 жылдан жоғары не өмір бойы бас бостандығынан айыруы да мүмкін, – деді заңгер Алина Шынтаева.

Ал заңгер Салтанат Диханбаева шетелдегі қақтығысқа араласқандарға Қазақстан азаматтығынан айыру жазасы барын атап өтті. Оның айтуынша, іште жүріп жанжалға адам жинап, жақтастар тартып немесе үгіт-насихат жасап, қаржыландыру ісін ұйымдастырғандар да оңай құтылмайды.

– Материалдық көмек көрсетіп немесе қаржыландыратын болса, әртүрлі мерзімде бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Мысалы, 5 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырып, мүлкін тәркілеу немесе 12 жылдан 17 жылға дейін бас бостандығынан айырып, мүлкін тәркілеу, тіпті Қазақстан Республикасының азаматтығынан айыру жазасы да көзделген, – деді заңгер Салтанат Диханбаева.

Заңгерлер «жат жерге кетіп, бөтеннің сойылын соқпас бұрын, әрекеттің салдарын ойлаған жөн» дейді. Себебі таяқтың бір ұшы ең әуелі отбасыңа тиіп, қоғамға да зиян келтіреді.

Оразай Нұртайұлы, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы