Диплом «саудасына» тосқауыл бар ма

02.05.2023 в 19:04

Былтыр Қазақстанда 70 адам сотталған

Оқу жылы аяқталар тұста жалған диплом сатушылардың да саудасы қызады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жалған құжат үшін жауапкершілік арқалайтынын білсе де, заңды белшесінен басып жүргендер көп. Ғаламторға «диплом сатып алу» деп жазсаңыз, қаптаған ұсыныс ортасында қаласыз. Берісі 300 мыңнан басталып, арысы миллион теңгеге дейін жететін көк-қызыл құжаттарға тіпті түпнұсқадағыдай кепіл де беріледі екен. 

Жарнамасы желіні жарғандар өзін Қазақстан нарығында 8 жыл бойы жұмыс істеп келе жатқан жалғыз агенттік ретінде таныстырды. Бұл агенттік министрлікке қарайды деп сендірді. Ең қызығы, елде мұндай монополиялық мекеме мүлдем жоқ. Ал дипломы саудаға түсіп жатқанын Алматыдағы жоғары оқу орнының өкілдері білмепті. Мамандардың айтуынша, мұндай фактіні анықтау аса қиын емес.

«Жасанды дипломды анықтау үшін оны көзбен шолуға болады. Біріншіден, су белгілері, екіншіден оның орналасуы, үшіншіден QR код арқылы онлайн режимде телефоннан салыстырса, бірден көрсетеді. Яғни, жасанды немесе дипломның бар-жоғын анықтауға болады», – деді Қ. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ тіркеу кеңсесінің директоры Нұрлан Қызылбаев.

Былтыр жалған құжат жасады деген айыппен Қазақстанда 70 адам сотталған. Ал 2198 қылмыстық құқық бұзылған. 2022 жылы жалаған құжат жасағандар саны Алматы мен Алматы облысында көп болған. Үшінші орында - Астана қаласы.

«Бірінші рет жалған құжат жасаса, 2 жылға дейін, бірнеше рет топтық қылмыс болса  4 жылға дейін бас бостандығынан айыруы мүмкін. Жұмысқа орналасып, жалған дипломмен ол айлық алды, лауазымды тұлға болып тағайындалды. Қоғамға зиян келтірді. Сондықтан, оның қылмыстық құрамы бар», – деді заңгер Марғұлан Шыныбаев.

Елдің ақпарат кеңістігінде былтыр жалған дипломмен жан баққан Түркістандағы 35, Қызылордадағы 112 мұғалімнің жайы қызу талқыға түскен еді. Іле-шала Алматы облысының прокуратурасы да сол кездегі облыс аумағында 120-дан астам ұстаздың ұсталғанын жеткізген. Өкініштісі де сол, біліміңді бағалар құжат дәл осы білім саласында кең саудаға түскен.

Мадина Оқас, Ғани Қалуов, Рашидин Якупов, «Алматы» телеарнасы