Ақтөбеде жүргізушілер еңбек ақысын ала алмай жүр

12.05.2023 в 19:05

Көлік жүргізушілер Қобда ауданына көмек көрсеткен

Ақтөбеде су тасқыны кезінде еңбек еткен 50-ден астам көлік жүргізушісі 2 айдан бері ақшасын ала алмай жүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жүргізушілер наурыз айының басынан сәуірге дейін су сору жұмыстарын атқарған. Шенеуніктердің құрғақ уәдесінен шаршаған олар әкімдік алдына жиылып, талабын жеткізді. Олардың айтуынша, жергілікті билік істеген сағатына байланысты 600-700 мың теңге қарыз.

– Бәріне бардық. «Бұйыртса, береміз» деп уәде береді. Біздің де несиеміз бар. Қиын сәтте қалтамыздан қаржы шығарып, халыққа көмектестік, – дейді көлік жүргізушісі Айдын Жайғарин.

Көлік жүргізушілер Қобда ауданына да өз еркімен барып, көмек көрсеткен. Олардың айтуынша, су сору жұмыстарын жүргізген екі серіктестіктің біріне әкімдік қарызын қайтарған. Оларға 100 миллион теңгеге жуық қаржы төленген. Ал 54 жүргізуші 74 миллион теңге қаржыны ала алмай жүр. Дегенмен олармен кездесуге шыққан әкімдік өкілі мәселе жуық арада шешілетінін айтып, уәде берді.

– 130-дан астам машина жұмылдырылды. Алдыңғы аптада 50 пайыз төлем жасалды. Келесі аптада толық төлейтін боламыз, – деді қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Серік Дәулетов.

Ақшаны күтуден басқа амал жоқ. Ал еңбек ақысы төленбесе, жүргізушілер бұдан былай қызмет көрсетуден бас тартатынын жеткізді.

Райгүл Еншібай, Жомарт Құдайбергенов, «Алматы» телеарнасы