Алматы әкімдігі қаланы тұрақты су басып қалу себебін атады

22.04.2022 в 19:18

Келер жылы Түрксіб пен Алатау ауданында 100 шақырым жаңа арық желісі салынып, 26 шақырым коллектор іске қосылады

Алматыда 376 шақырым арық желісі жарамсыз. Ал жиылған суды өзенге ағызатын 16 коллектордың 12-сі істен шыққан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бүгінде Алматыда 1525 шақырым арық жүйесі болса, соның 376 шақырымы жарамсыз деп танылған. Одан бөлек, Кеңес дәуірінде салынған коллекторлық каналдар да ескіріп, істен шығыпты. Ал көктем мен күз мезгілінде жауған жаңбыр суын өзенге бұру – өз алдына бір мәселе. Бұл туралы мәлімдеген Жасыл экономика басқармасының өкілдері проблемалық аумақтарды анықтап, жөндеу жұмыстарын қолға алмақшы.

«Былтыр саны 20 болса, биыл 56-ға көбейді. Оның да анализін жасадық. Қатты жерге салынған үйлер бар, басқа да ғимараттар бар. Соның бәрі айналып келгенде көше бойындағы арық жүйелеріне қосылады. Ал арық жүйелеріне жөндеу жасалмағанына көп жыл болған. Олардың жағдайы өте нашар», – деді Жасыл экономика басқармасы басшысының міндетін атқарушы Серік Әділбаев.  

Қазір қаладағы 16 коллектордың төртеуі ғана жарамды. 2011 жылы салынған құбыр Қонаев пен Әйтеке би көшесінің қиылысында орналасқан. Бірақ сол күйі іске қосылмапты. Ал бұл канал арқылы Панфилов, Назарбаев, Қонаев көшелеріне түскен жаңбыр суы өзенге құйылады. Коллектор қоқысқа толып, бітеліп қалғандықтан, жылда Абай көшесінің төменгі бөлігіндегі 56 көше суға толады. Дәл осы жағдай Саяхат пен екінші Теміржол бекетінде де жиі көрініс табады.  

Қала тұрғындарына ыңғайсыздық тудырған бұл мәселені қолға алған жауаптылар жобаны 3 кезеңмен жүзеге асырмақшы. Бүгінде Наурызбай, Әуезов, Алатау ауданында күрделі жөндеу жұмысы жүріп жатыр. Орталықта шаруаны бастау үшін құжаттарға өзгерту енгізіледі.  Ал шаруа аяқталған соң, қадағалау «Эко Алматы» мекемесіне беріледі.  

«Бізге өткізілгеннен кейін қоқыстан, тастан тазалау жұмыстары жасалады. Арасында халық тастайтын тұрмыстық қалдықтар мен жаңбырмен ағып келген топырақ, түйіршіктерді де тазалаймыз», – деді «Эко Алматы» ЖШС директорының орынбасары Рүстем Мұхамеджанов.

Жоба аясында суағарларды біріктіру де жоспарланып отыр. Өйткені шаһардағы арық желілерінің 11 пайызы ғана суару жұмысына қолданылады екен. Жалпы шаруа келесі жылдың соңына дейін аяқталады. Нәтижесінде Түрксіб пен Алатау ауданында 100 шақырым жаңа арық желісі салынып, 26 шақырым коллектор іске қосылады.  

Аяулым Көлжігіт, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы