Елордадағы элиталық тұрғын үй кешенінің тұрғындары сапасыз құрылысқа шағымданды

01.11.2021 в 19:50

Түрғындар биыл пайдалануға берілген тұрғын үйдің сапасы сын көтермейді дейді

«Сырты бүтін, іші түтін». Елордадағы элиталық тұрғын үй кешенінің тұрғындары сапасыз құрылысқа шағымданды. Нарықтағы бағасы мен сапасы сай келмейтін үйде ыстық су да, жылу да жоқ екен. Оған қоса, жеделсаты жиі істен шығып қалады дейді халық, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.                 

Бұл үйдің сырты жылтырап, әдемі көрініп тұрғанымен, тұрғындардың сөзінше, сапасы сын көтермейді. Олардың айтуынша, үй 2020 жылы қолданысқа берілуі керек еді. Бірақ оны 2021 жылдың қысында бір-ақ тапсырған.

«Біз 2019 жылы бұл құрылыс компаниясына сендік. Сол кезде элит-санаттағы үй болады деп уәде берді. Алайда баспанамыздың қазіргі жағдайы комфорт-санатқа да жетпейді. Бізге өтірік айтып, тұсаукесерде бәрін керемет қылып көрсетті. Бірақ қазір тұрғындар суық үйде тұрып жатыр. Балалар сырт киіммен ұйықтауға мәжбүр», – дейді қала тұрғыны Жәнібек Сейітқұлов.

Судан да жағымсыз иіс шығады дейді тұрғындар. Жай ғана жылы су алу үшін 10 минут күту керек екен. Ал жаз мезгілінде жеделсаты істен шыққан кезде, мұның себебін даладағы желден деп түсіндірген. Енді тұрғындар қытымыр қыста жағдайымыз қалай болады екен деп алаңдап отыр

«Келісімшарт бойынша біз үйді 2020 жылдың тамызында алуымыз керек болған. Қазір 2021 жылдың қазан айында біз үйге жөндеу жасап кіре алмай жатырмыз. Көп пәтерді жаңбыр жауған кезде су басып жатты. Жоба жасаған кезде кейбір құбырлар құрылыс ережесінен ауытқып салынған», – дейді қала тұрғыны Дулат.

Ал халықтың шағымын тыңдауға келген жауапты маман тұрғындарды сабырға шақырды.

«Біз үлескерлерді түсінеміз. Барлығы көп ақша салған. Ал құрылыстың ұзаққа созылуының басты себебі – пандемия. Сондықтан керекті материалдарды жеткізуде кешігулер болды. Ал жылу мен ыстық судың болмауына пәтер иелері үйдің жөндеу жұмыстарына мердігерді жалдаған кезде ішкі желілерді келісімсіз ауыстырғаны себеп болуы да мүмкін. Бұл жылу алмасу және сумен жабдықтауға тікелей әсер етеді», – деді құрылыс компаниясы заң департаментінің директоры Юрий Дебелов.

Компания өкілі халықтың сөзін ескеріп, айтылған барлық мәселелер екі апта аралығында шешіледі деп сендірді. Себебі баспана қолданысқа берілген күннен бастап анықталған ақауларды жою үшін 2 жылдық кепілдік беріледі екен.

Қаламқас Нысанбай, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан