Жазық далада жайылым тапшы: Алматы облысындағы жұрт малын тар қорада бағып отыр

04.05.2023 в 19:07

Елдімекендегі бос жердің көп бөлігі жекеменшік иелігінде көрінеді

Жазық далада жайылым тапшы. Алматы облысындағы Шалқар мен Ақжал ауылының жұрты малын тар қорада бағып отыр. Өйтпеске амал жоқ, себебі елдімекендегі бос жердің көп бөлігі жекеменшік иелігінде көрінеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Еңбекшіқазақ ауданына қарайтын Шалқар мен Ақжал ауылындағы жұрттың көбі мал ұстайды. Әрқайсының қорасында кем дегенде бір-екі тана мен қой бар. Ірі қарадан да кенде емес.

Қос ауыл азаматтары мал басын көбейтейін десе, жер жоқ. Жайылым болмағандықтан олар қойын да, сиырын да, тіпті жылқысын да көшеге жайып, қорасына қамап бағып жүр.

Негізі ауылдың маңы жазық дала.  Бірақ онда жергілікті жұрт малын жаймақ түгілі, аттап баса алмайды. Қоршаулар тұр. «2 мың гектардай аумақты кәсіпкерлер алып алған, халыққа елдімекеннен алыста жатқан жазықты берді» дейді тұрғындар.

«Жергілікті әкім жоғары жақтан 250 гектар жер белгілепті. Бірақ ол малды 4-5 гектар жерді басып өтіп, бару керек. Бір жағы қоршалған, екінші тұсы қазылған. Трассамен бару керек. Ол жақта су да жоқ. Мал тұрмайды ол жерде», – деді Шалқар ауылының тұрғыны Батыржан Дүйсәлиев.

«Бұл – кезінде Еңбекшіқазақ ауданына қараған совхоз. Кейін төменгі жақты Қонаев қаласына беріп жіберді. 1998 жылдан бері солардың жері. 2018 жылы оны біреу сатып алған. Біз енді қайда барамыз», – деді Шалқар ауылының тұрғыны Тоқтар Тәжібаев.

1994-жылы Қонаевқа өткен аумақтан 2018 жылы сүт-тауар фермасын орналастыру үшін сол жақтан жауапкершілігі шектеулі серіктестікке Қонаев әкімдігінің қаулысымен жер берілген. Бұл туралы Алматы облыстық прокуратурасының хатында жазылған.

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ПРОКУРАТУРАСЫ:

«Жер Кодексінің 135-бабына сәйкес су қоры жерлерінің құрамынан жер учаскелерін су ресурстарын басқарудың уәкілетті органдарының келісімі бойынша жергілікті атқарушы органдар уақытша жер пайдалануға беруі мүмкін. Алайда көрсетілген жер учаскесі сауда-саттықсыз (аукциондардарсыз) және көзделген су ресурстарын басқарудың уәкілетті органдарының келісімсіз, заңсыз берілгені анықталды. Қонаев қаласының прокуратурасы аталған жер учаскесінің құқық белгілейтін құжаттарын заңсыз деп тану мақсатында Алматы облысының жер ресурстарын басқару департаментіне заңдылықтың бұзылуын жою туралы ұсыну енгізгенін хабарлаймыз».

Ал жергілікті әкімнің айтуынша, құқық белгілейтін құжат заңсыз деп танылса, кейін өтініш арқылы жайылым ретінде алуға болады.

«Заңсыз деп танылған күнде Қонаев қаласының әкімдігіне халықтан немесе жеке тұлғадан өтініш түсіріп, заңды түрде жайылымға конкурс арқылы алуға болады», – деді Қырбалтабай ауылдық округінің әкімі Айбол Темешев.

Әкім елдімекеннің басқа жағындағы пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару жұмыстары жүріп жатыр деп сендірді. Бірақ оған халық сенбейді. «Қайтқан күннің өзінде, мал жаюға келмейтін ми даланы береді» дейді ауыл жұрты.

Оразай Нұртайұлы, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы