Курьерлер енді салықты ұялы қосымша арқылы төлей алады

11.04.2023 в 19:10

Енгізілген салық мөлшері еңбек етушінің жарты жылдық табысының бір пайызын құрайды

Курьерлер енді салықты ұялы қосымша арқылы төлей алады. Жаңашылдық осы айдан бастап қолданысқа енгізілді. Бұл туралы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетіндегілер мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Биылдан бастап курьерлерге арнайы салық режимін қолдануға мүмкіндік берілді. Ол мобильді қосымша арқылы жүзеге асады. Енгізілген салық мөлшері еңбек етушінің жарты жылдық табысының бір пайызын құрайды.

«Кез-келген кәсіпкер кәсібін ашып отыр ма, демек, ол салығын төлеуі керек. Елімізде көптеген оңтайлы салық режимі қарастырылған. Курьерлік жеткізу қызметімен айналысатындарға оңтайлы салық режимі болып табылады», – деді ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті басқарма басшысының орынбасары Айнұр Сартаева.

Сонымен қатар, сервистік қызметкерлерде міндетті түрде медициналық сақтандыру болады. Жол апатына түскен жағдайда барлық шығынды жұмыс беруші өтеуге міндеттеледі. Ал жеткізуші болып отбасын асырап жүрген азаматтар «табыстың көп пайызы әлеуметтік төлем мен сақтандыруға кетіп қала ма» деп алаңдайды.

«Бізде жалақы екіге бөлінеді. Бірінші және екінші кезеңге бөліп төленеді. Әр кезеңде айына 22 процент ұсталады», – деді курьер Бағлан Рахым.

«Кешкі уақытта 5-10 мың теңге табамын. Егер 5 мың тапсам, 1300 теңге ұстап қалады», – деді курьер Нұрмұхамед Сартай.

«Курьер болып жүргеніме 3 жыл болды. Осы қызметке кіріскен сәттен бастап салықты толық төлеп жүрмін. Жұмыс болған соң, оны дұрыс деп есептеймін», – деді курьер Виталий

Айта кетейік, бұған дейін курьерлермен еңбек шарты жасалмайтын. Енді жұмыс беруші азамат күніне 8 сағат істесе де, 1 сағат жұмыс істесе де міндетті түрде шарт жасауы керек. Сервистік компания иелеріне қызметкерлерімен еңбек келісімшартына отыру міндеттеледі.

Күндігін онлайн платформадан тауып жүрген курьерлер саны қазір ел бойынша жарты миллионнан асады. Бұған дейін мұндай азаматтардың әлеуметтік төлеммен қамтылатыны айтылған еді. Ал өз міндетін орындамаған интернет-платформа иелері айыппұл арқаламақ.

Лаура Тұрсынжан, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы