ПИК жұмысына көңілі толмайды: тұрғындар шағымы ескеріле ме

11.10.2021 в 20:07

Мамандар тұрғындарға меншік иелері бірлестігін құра алатынын айтты

«Ауланы өзіміз жинаймыз». Осылай деген Шұғыла шағынауданының тұрғындары өздеріне қызмет көрсететін пәтер иелері кооперативінің жұмысына шағымданды. Тұрғындардың сөзінше, есік алды қоқысқа, ал жертөле кәріз суына толып қалады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.      

Шұғыла тұрғын үй кешені 2019 жылы бюджеттік қызметкерлерге пайдалануға берілген. Бірақ жұмысына селқос қарайтын ПИК-тің кесірінен қуанышымыз ұзаққа созылмады дейді жұрт. Соңғы үш жылда аула қоқыстан көз ашпайды екен. Тек подъезд жуғаннан басқа ештеңе бітірмейді дейді тұрғындар.

«Еденді тек құр сумен ғана жуады. Оның ішінде 12-13 химикат болуы керек. Хлордың иісі де шықпайды. Аула сыпырушылар болса да, есік алдын өзіміз тазалап, жинаймыз. Ол ақпаратты дәлелдеп те бере аламын», – дейді Наурызбай ауданының тұрғыны Манас Махметов.

Ал жертөледе су мен кәріз құбырлары тесіліп, үйдің астын ылғал тартып кеткен. Бүйте берсе, тарақандарға жем боламыз деп ашынады халық.

«Бүкіл жертөле су болып жатады. Енді ол қыстыгүні қалай кебеді? Ол бірінші қабаттағы адамдарға да әсер етеді. Ол жерде де жас балалар, үлкен кісілер тұрады, соларға обал», – деді Наурызбай ауданының тұрғыны Данияр Ошанов.

Тұрғындар жертөлені ылғи осылай су алып жататынын айтады. Өйткені түйткіл түбегейлі шешілмейді. Ал ПИК өкілі барлық міндетті орындап отырмыз деп кесіп айтты.

«Жертөледе кәріз суының толуына тұрғындар өздері кінәлі. Бірақ кәріз жүйесі уақытылы тазартылып тұрады. Жұмыс істемейді дегеннің бәрі бос сөз. Жұмысшылар бар. Өз уақытымен жұмыс істеп жүр. Жаңа шағынаудан болғандықтан, мұнда мәселе көп. Әсіресе инженерлік желілерге қатысты сұрақ көп», – деді тұрғын үйді басқарушы компания өкілі Панар Базарова.

Аудан әкімдігі бұл мәселеге құзыретіміз жүрмейді деп жауап қайтарса, Тұрғын үй саясаты басқармасы бұл жағдайдан хабардар екен. Бұл ретте тек бір ғана шешім бар дейді мамандар. Ол – меншік иелері бірлестігі жүйесін құру.  

«Егер ПИК-тің жұмысы көңілден шықпаса, онда тұрғындар меншік иелері бірлестігін құра алады. Бұл жаңа басқару жүйесі бір үй, бір бірлестік, бір есеп қағидаты бойынша жұмыс істейді. Яғни тұрғындар қаржыны да өздері жұмсап, атқаратын қызметтерді де өздері басқара алады», – деді Алматы қаласы Тұрғын үй саясаты басқармасының бөлім басшысы Жандос Қайырханов.

Енді ПИК-пен жұмысты жалғастыру не жалғастырмауды халықтың өзінің шешуіне тура келеді. Егер өздері басқаруға көшетін болса, онда бірлестікті Халыққа қызмет көрсету орталығына барып тіркеуі тиіс.

Назкен Еркін, Рамина Мырзалимова, Мұрат Тайджанов, «Алматы» телеарнасы