40-қа жуық киіз үй, 2 мың литр көже: Алматы облысы Талғар қаласындағы әз-Наурыз

22.03.2022 в 19:16

Асқақалдар ақ батасын берген ұлан-асыр тойға шамамен 5 мыңдай адам жиналып, түрлі этнос өкілдері де Ұлыстың Ұлы күнінде өз дәстүрін көрсетіп, өнерін, жалпы мәдениетін паш етті

Бұл мейрамды сағындық, сондықтан ауа-райының күрт бұзылуы бізге кедергі емес. Осылай деген Талғар ауданының тұрғындары бүгін қала орталығындағы алаңға жиналып, әз-Наурызды ерекше нақышта атап өтті. Көктемнің бас мейрамын тойлауға жиналған бұқара ізгі тілектерін арнап, ақсақалдар қауымы ақ батасын берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Асқақалдар ақ батасын берген ұлан-асыр тойға шамамен 5 мыңдай адам жиналып, түрлі этнос өкілдері де Ұлыстың Ұлы күнінде өз дәстүрін көрсетіп, өнерін, жалпы мәдениетін паш етті. «Наурыз көже» тағам ретінде ғана емес, сондағы барлық ұлттың ортақ дүниесіндей болып көрінді.

«Ең біріншіден, халқымызды Наурыз мейрамымен құттықтаймын. Зор денсаулық, бас амандық, мемлекетіміз тыныш болсын деп тілеймін», – деді Талғар ауданының әкімі Қайдар Әбдіханов.

Жиналған көпшілік те, әз-Наурыздың салтын берік ұстанып, 7 үйге қонақ болды. Мейрамда қазақтың өзге дәстүрі де дәріптеліп, көптің көңілін бірден баурап алды. Ұлан-асыр тойға тек әртістер ғана емес, жергілікті тұрғындар да қазақтың шапаны мен бөрігін киіп келіпті.

«Бала-шаға аман болсын. Ақ мол болсын! Ұлттық киімді күнде киіп жүремін. Себебі мен – қазақпын! Ел де осылай киіну керек. Жәй күндері де, тіпті жұмысқа осылай бару керек», – деді Талғар ауданының тұрғыны Тұрсын Жұмағали.

«Күн жылы болғанда дұрыс болар еді. Бірақ ауа-райы бізге кедергі емес. Біздің Талғарымыз көркейіп, көріктене берсін. Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!» – деді Талғар ауданының тұрғыны Дәурен Қайлиулаев.

Жергілікті әкімдік өкілдерінің айтуынша, Талғар қаласының өзінде Ұлыстың ұлы күніне арнап 40-қа жуық киіз үй тігіліп, 2 мың литр көже дайындалған. Одан бөлек, сахнада әнші, күйші, бишілер өз өнеріп паш етіп, спорттық ойындар ұйымдастырылды.

Оразай Нұртай, Ялкунжан Әшімжан, «Алматы» телеранасы.

Tags: Наурыз