Қаладағы зираттардың бірі маскүнемдер мекеніне айналды

13.06.2023 в 19:16

Медеу ауданының тұрғындары осылай деп шағымданып отыр

«Зират іші қоқысқа толып, маскүнемдердің мекеніне айналды». Медеу ауданының тұрғындары осылай деп шағымданып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Олардың айтуынша, қорым бірнеше жылдан бері қараусыз қалған. Аумақ қоршалмағандықтан, төңіректі қадағалау қиынға соғады екен. Одан қалса, көне зират бірнеше жеке секторлы үйге іргелес орналасқан. Соның кесірінен кейбір бейіт тұрғын үй аулаларында жатқан көрінеді.

Айналасы қоршалмаған аумақ көше кезгендердің тұрақты мекеніне айналған. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, олар осында топтасып отырады, кейін айналасын қоқысқа толтырады. Қажет болса, зираттардың жанына қонып та қалатын көрінеді.  

«Мазар қоқыс үйіндісіне айналғандай. Қарап-қадағалап, күтім жасап жатқан ешкім жоқ. Одан бөлек, бұл жерге ешкім зерттеу жүргізбеген. Елге танымал, көрнекті тұлғалардың осында болмасына кім кепіл? Қолымыздағы тарихты өзіміз өшіріп отырмыз. Түрлі вандализм болғанын анық көруге болады. Темірлерді қиратқан. Белгілерді жұлып алып кеткен»,– дейді қоғам белсендісі Евгений Морозова.

Аты-жөні белгісіз бейттің тұрғызылғанына жарты ғасырға жуықтапты. Үй иесінің айтуынша, оны ешкім іздеп келмейтін де көрінеді. Жергілікті жұрт түн ішінде үйге кіріп-шығуымыздың өзі қорқынышты деп отыр.  

«Бұл мазарда жерленгендердің басым көпшілігі – соғыс ардагерлері. Мәселен, менің екі атам да осында жатыр. Қолымнан келгенше ара-тұра барып айналасын тазартып, күтім жасауға тырысамын. Бірақ өздеріңіз көргендей, аумақ өте үлкен. Көпшілігі 1800 жылдардың тумалары. Арттарынан ешкім іздеп келмейді де», – дейді қала тұрғыны  Рима Горынина.

Медеу аудандық әкімдігінің айтуынша, зират өте көне. Мұнда ең соңғы рет 1978 жылы мәйіт жерленген. Қазір аумақты қоршау жұмыстары қарастырылып жатыр екен.

Аумағы 3 гектар болатын ат шаптырым жер алдағы уақытта көпшілікке демалыс аймағы ретінде пайдалануға берілуі де мүмкін. Ортақ талап бойынша бірнеше жыл тұрған қорымдар үстіне саябақ немесе басқа да қоғамдық ғимарат салынатыны белгілі. Десе де, жергілікті әкімдік әрбір жұмыс тұрғындармен кеңесе отырып жүргізілетінін айтты.

Ұлағат Арғын, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы