Қарызым миллионнан асты: Түркістан облысында бірнеше ауданда егін алқабы үсіп кетті

20.04.2023 в 19:16

Сайрам ауданындағы шаруалар биыл 18 мың тонна картоп өндіруді жоспарлаған

Түркістан облысында шаруалар шаш етектен шығынға батты. Қатты суық кесірінен аймақтағы бірнеше ауданда егін алқабы үсіп кеткен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Түркістан облысы, Сайрам ауданындағы шаруалар биыл 18 мың тонна картоп өндіруді жоспарлаған. Бірақ 2 күн бұрынғы суық кесірінен 500 гектарды алып жатқан егіс алқабы түгелдей үсіп кетті. Егін басында от жағып амалдаған диқандар «әрекетімізден ештеңе шықпады» деп налиды.

«3 градус суық болғандықтан, картоп үсіп кетті. Енді 15-20 пайызы қалды. Біз қарызға батып жатырмыз, миллионнан асып кетті ғой», – деді Түркістан облысының тұрғыны Жавланбек Абубакиров.

«Осы жағдайды айтып, аудан әкімінің орынбасарына хабарластым. «Егер егін алқабы сақтандырылмаса, қалай көмектесеміз» дейді. Дегенмен облыс әкімдігіне хабар беретінін айтқан. Содан бері 3 тәулік өтті. Тым-тырыс. Жағдайымызға алаңдап жатқан не әкім, не депутатты көрмедік», – деді Түркістан облысының тұрғыны Рустамбек Абдурасулов.

Қарызға батқан түркістандық шаруалар тек Сайрам ауданында ғана емес. Төлеби, Түлкібас, Бәйдібек диқандардың да жағдайы мәз емес.

«Егер де фермер сақтандыру компаниясымен келісімшарт жасаса, төленеді. Бұл төтенше жағдай емес қой. Күннің суытатынын бәрі білді. Мәселен көпшілік ультрасил жауып жасаған», – деді Түркістан облысы ауылшаруашылық басқармасының басшысы Тұрғанбек Оспанов.

Картоп алқабынан бөлек, аймақта жүзім мен жеміс ағаштары да үсіп кеткен. Осылай деген шаруалар енді базардағы бағаның аспандайтынына бек сенімді. Амалы таусылған диқандар бірігіп, әкімдікке хат жазбақ.

Назерке Үкібасова, Ильдар Жүнұсқанов, «Алматы» телеарнасы, Түркістан облысынан