Сіңірі тартылып, құрысып қалады: көпбалалы ана көпшіліктен көмек сұрайды

13.01.2023 в 16:47

Ол заңгердің кеңесіне мұқтаж

«Сіңірі тартылып, құрысып қалатын баламды емдетуге мүмкіндік жоқ» деген көпбалалы ана көптен көмек сұрап отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Айгүл – алты баланың анасы. Жетінші сәбиіне аяғы ауыр. Айы-күні жақындап отырған ана ауыр жұмыс істеп, табыс табады. Бар баланы асырайды. Бірақ тұрмыстың тауқыметі жанды қинап, жағдайды түземей тұр.

«Еңбектен қашпаймыз, мен 2 күн жұмыс істеймін. Ертең сенбі, жексенбі жолдасым істейді. Әрі дүкенде сатушымын», – деді көпбалалы ана Айгүл Ізтұрлаева  

«Ешкімге алақан жаймаймын, еңбегім бар. Жетпейді ғой, 6 балам бар, қайдан жетеді?» – деді отағасы Мырзабек Ізтұрлаев.

Қиыны – қаржының аздығы ғана емес, баланың ауруы. Ата-анасы мектепке енді аяқ басқан ұлды «жиі талып қалады, көбіне көшеден тауып келеміз» деп отыр. Бірақ аурудың нақты диагнозы жоқ.  

«Бұл бала 4 жасында талмасы ұстап, құлап қалғанда білдім. Көшеде құлап қалады, алып келеміз. Ұрып кетеді. «Жынды, сен жындысың» деп балалар мазақтайды», – деді көпбалалы ана Айгүл Ізтұрлаева.

Бұған дейін адам сенгісіз жағдайда тұрып келген отбасы үйдің төбесі құлағанда астында қалып, абырой болғанда жан сақтапты. Қазір 6 бала ата-анасымен бір бөлмені мекен етеді.

Баспананы тапқан табысымен салған ол «бұған дейінгі лашыққа қарағанда, жағдай әлдеқайда тәуір» дейді. Бірақ жылу жарытпайды.

Отбасының шешімін таппаған бірнеше мәселесі бар. Сондықтан заңгердің кеңесіне мұқтаж. Ал материалдық тұрғыда машақат көріп жүрген көпбалалы үйге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. 2019 жылдан бері көрсетіліп жатқан көмекке Айгүл Ізтұрлаева биыл да өтініш берген.

«АСП-ны аламын, бірақ кредитке құйып отырамын. Ол да көмек», – деді Айгүл Ізтұрлаева.

Балалардың ішер тамақ, киер киімін, отбасының тұрар жері мен істер қызметін алаң қылған кейіпкер кез келген көмекке зәру.

Мадина Оқас, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы