Атырауда балабақша тәрбиешісі туберкулез жұқтырған

08.01.2024 в 20:07

Балабақша карантинге жабылды

Атырауда балабақша тәрбиешісі туберкулез жұқтырды. Мұны естіген ата-аналар бүгін жиналып, шу шығарды. Олар «бөбекжай басшылығы бұл жағдайды жасыруға тырысқан» деп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Перизат Мұратқызының 4 жастағы баласы шаһардағы №36 бөбекжайға бір жарым жылдан бері барады. Балабақша тәрбиешісінен туберкулез анықталып, соңғы 1 аптада бөбекжай карантинге жабылған. Енді баласы үшін алаңдаған ана жанын шүберекке түйіп отыр. Олар «бассыздыққа жол берген балабақша басшылығы жауапқа тартылуы керек» дейді.

– Неге хабар берілмеген? Неге айтпаған? Бастапқыда ол кісі еңбекақысы сақталмайтын демалысқа кеткен. Сұрақтарға жауап алу үшін келдік. Қазір тұмау өршіп тұр. Біз емделіп жатырмыз. Мантуды да ала алмай отырмыз, – деді ата-ана Перизат Мұратқызы.

Бүгінде балабақша карантинге жабылып, мамандар дезинфекциялау жұмысын жүргізуде. Балабақша қызметкерлері толығымен медициналық тексерістен өтіп жатыр. Ал 52 жастағы туберкулез анықталған әйел бұл мекемеге былтыр наурыз айында қабылданған. Тіпті медициналық картасында да денсаулығында еш кінәрат жоқ делінген.

– 5 қаңтарда мамандарымыз барып, балабақша ішінде дезинфекция жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар қарым-қатынаста болғандар саны анықталып, бәрі флюорографиялық тексеріске жіберілді, – деді Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары Мұрат Хамзин.

Эпидемиологтар қазір байланыста болғандармен арнайы тексеріс жұмыстарын жүргізіп жатыр. Мамандардың айтуынша, тәрбиеші бір топтағы 20 баламен байланыста болған.

– Ол кісі балабақшада 6 наурыздан бері жұмыс істейді. Құлағынан ларингит болып ауырып, еңбекке жарамсыз болды. Одан кейін отбасылық жағдайына байланысты еңбекақысыз үйінде болды. Ал осы жағдайдан соң бірден алдын алу шаралары жасалды, – деді балабақша меңгерушісі Гүлжан Мусина.

Айта кетейік, қала бойынша былтыр 1 жағдай тіркелген. Абырой болғанда ауру асқынып, жұқтыру дерегі анықталмады. Десе де, дәрігерлер тұрғындарға аса сақ болуға кеңес береді.

Жұлдыз Қайратқызы, Фархад Тәжібаев, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Қолайсыз ауа райы: Астанада оқушылар қашықтан оқуға көшті