Ұлытау облысына қарасты тасжолды су шайып, адамдар жолда қалды

15.03.2024 в 19:19

Филиал директорының айтуынша, күн райының жылынуына байланысты тасжолда күнделікті бақылау көбейген

Ұлытау облысына қарасты тасжолды су шайып, адамдар жолда қалды. Ойқы-шойқы аумақтың азабын тартқан тұрғындар арнайы құтқару қызметінің көмектескен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ұлытау облысындағы республикалық маңызы бар тас жолдардың ұзындығы 961 шақырымға жетеді. Олардың қатарында Қызылорда-Жезқазған, Жезқазған-Есіл-Петропавл және Қостанай облысымен шекаралас 252 шақырымдық трасса бар. Өкініштісі аталған жолдардың сапасы көңіл көншітпейді. Былтыр өз алдына бөлек облыс атанғанда «жолымыз жөнге келетін болды» деп қуанған көпшілік шұрық-тесіктерден көлікке келген шығынның да көп екенін айтты.

– Мына тұрған жерге 10 сағат жүресің. Жолдың сапасы нашар. Батпақ, езіліп жатыр. Көліктер кептелісте тұр, – деді облыс тұрғыны Жеңіс Ерғалиев.

– Жезқазған-Қызылорда тасжолын жөндейміз деп, жылда айтылады. Қашан жасалатынын бір Алла біледі. Болашақта жөнделеді деп үміттіміз, – деді облыс тұрғыны Бағлан Мырзабаев.

Мәселенің қашан шешілетінін анықтау мақсатында  «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясына» байланысқа шықтық. Жауапты мекеме Жезқазған-Қызылорда тас жолының Ұлытау облысы аумағындағы бөлігін қайта жөндеу үшін Көлік министрлігі тарапынан конкурстық рәсімдердің өтіп жатқанын хабарлады. Биыл жол жөндеу жұмыстары басталмақ.

– Бізде былтыр 12 қазанда конкурс аяқталып, қазіргі таңда мердігерлер анықталып жатыр. Бұл жұмыстар 2026-2027 жылдары аяқталады. Мердігерлер анықталатын болса, 208 шақырым жолды жөндеу басталады, – деді  «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» АҚ Ұлытау облысы филиалының директоры Сұңғат Рахымжанов.

Филиал директорының айтуынша, күн райының жылынуына байланысты тас жолда күнделікті бақылау көбейген. Бүгінгі таңда мұндағы 445 су құбырының 70 пайызы ашылған. Алдағы 2-3 күн ішінде барлық желі ретке келмек.

Алтынгүл Төлегенова, Наргиз Жанабекова, «Алматы» телеарнасы, Ұлытау облысы

Оқи отырыңыз: Ұлттық құрылтайда қандай меселелер көтерілді