Тараздық тұрғындар жаңа пәтеріне кіре алмай жүр

20.02.2023 в 19:28

Кей азаматтар тұрғылықты үйін сатып, салым салған

Тараздық бір топ тұрғын сатып алған баспаналарына кіре алмай отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

4 жыл бұрын олар өздерінің ақшалай жинағын таунхаус типтегі тұрғын үй кешенінің құрылысына құйған. Алайда уақыт өте келе баспана да, басқасы да жоқ. Алданып қалдық па деген тұрғындар қалалық әкімдікке жиналды.

Тараз қаласының әкімдігіне жиналғандардың барлығы 2019 жылы бір құрылыс компаниясымен келісім-шартқа отырған. Бастапқы жарна ретінде пәтер құнының 20 пайызын құяды. Тіпті кей азаматтар тұрғылықты үйін сатып, салым салған. Уағдаласқан уақытында баспаналары дайын болмай, амалы құрыған тұрғындар жергілікті атқарушы биліктің көмегіне жүгініпті.

«Мен 7 млн теңге құйдым.Қазіргі уақытта құрылыс жүріп жатқан жоқ. Ақшамды кері ала алмайтыныма көзім жетіп тұр. Себебі үйдің әлі құжаты да жоқ. Үйімді бітіріп, қолыма құжаттарын беруін талап етемін», – деді қала тұрғыны Гүлстан Қасымова.

Анық болғандай, 2019 жылы таунхаустағы пәтерлердің құны 15-17 млн теңге аралығында болған. Ал қазір мердігер бір пәтерді 30 млн-ға бағалап отыр. Оның сөзінше, құрылыстың қымбаттауы бағаның шарықтауына себеп болған. Мұнымен қоса, салымшылармен пәтер құнын айма ай бөліп төлеуге келістім деп шыр-пыр. Сол себепті айлық төлем жасамағандарды сотқа беріпті.

«Жоспар бойынша пәтердің 50 пайыз құнын төлегендер үйге кірді. Ал бас тартып, шағым айтып, сотқа бергендерге әбден тойдым. Қазір құрылыс материалдары қымбаттады.Маған ешкім тегіннен тегін материал бермейді», – деді құрылыс компаниясының өкілі Досжан Помашев.

Өз кезегінде қалалық әкімдік өкілдері барлығы заң аясында шешілетінін және бұл істе алаяқтық әрекеттің белгілері болуы мүмкін екенін атап өтті. Олай болған жағдайда іс құқық қорғау органдарымен қаралмақ деп сендірді.

«Тұрғындар мен құрылыс компаниясының арасындағы келісім-шартқа сәйкес, өз араларында түсініспеушілік болып тұр. Біз қазір заң аясында қарастырып, сосын шешім қабылдаймыз», – деді қала әкімінің орынбасары Нұрбол Қалдыбаев.

Тұрғындарды сабырға шақырып, тексеру жұмысын бастауға уәде еткен қала әкімінің орынбасары алдағы уақытта арнайы кездесу ұйымдастыратынын айтты. Алайда баспана мәселесі бас ауруына айналған тұрғындардың жайы не болары әзірге белгісіз.

Жомарт Есқара, Ғани Айдарқұлов «Алматы» телеарнасы