Салық кодексіндегі өзгеріс: енді тұтынушылар ақша аударымын қалай жасайды

30.11.2021 в 21:54

Мамандар ақша аударымына салық салу арқылы қоғамдағы түрлі алаяқтықтың жолын кесуге мүмкіндік барын айтады

Енді мобильді ақша аударымдары үшін салық төлеу керек деген ұсынысқа кәсіпкерлердің басым көпшілігі қарсы. Олардың айтуынша, бұл – олардың қазіргі төлеп отырған негізгі салығына қосымша шығын. Ал Салық кодексіне енгізілген өзгерістерді сенаторлар өзара талқылады. Осылайша, көлеңкелі экономика деңгейін төмендетеміз деген ниетте, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.     

Жанат Нұрманбаеваның азық-түлік саудасымен айналысып жүргеніне 11 жылдан асты. Кәсіпкер Салық кодексіне өзгерістер енгізілуі мүкін деген ақпарды естігелі бері біраз абдырап қалғанын айтады. Ол ақша аударымдары үшін салық төлеуге түбегейлі қарсы.  

«Қазір Kaspi Gold-тағы ақша менің өз ақшам ғой, оны қалай жұмсасам өзім білемін, оған салық төле деуі ақылға қонымсыз нәрсе. Қазір аударым жасайтындар көп, ол бізге тиімсіз, бізге ақшалай болғаны жақсы еді», – дейді кәсіпкер Жанат Нұрманбаева.

Мамандар ақша аударымдары үшін салық салудағы негізгі мақсат – елдегі көлеңкелі экономиканы жою дейді.  Мәселен, тұрғындар бір-біріне көлемі аз ақшаны аудару операциясын жасау кезінде кімнің кәсіпкер, кімнің тұтынушы екенін аңғара алмайтынын айтады. Олардың аражігін ажырата алмағандықтан, миллиардтаған ақша басқарусыз қалған дегенді алға тартты.  

«Күнделікті аударымдар және өзге аударымдар деп екі төлемге бөлінеді. Бұл жерде тұтынушы өз құқығын қорғай алады. Тұтынушы алған тауарының сапасы төмен болса, осы төлем арқылы өзінің құқығын қорғай алады», – деді Мемлекеттік кірістер департаментінің камералды бақылау бөлімінің бас маманы Қайрат Тұрымбетов. 

Елде пандемия орнағалы онлайн төлемдердің саны артты. Соның салдарынан көлеңкелі экономикадағы айналып жатқан ақшаның деңгейі төмендеп кетті дейді экономист Меруерт Махмұтова. Тәуелсіз сарапшының сөзінше, жеке азаматтардың төлемдеріне салық салу дұрыс емес. Оның айтуынша, онлайн төлем қазір ыңғайлы болуымен бірге, денсаулыққа да пайдасын тигізіп тұр. 

«Жеке азаматтардың төлемдеріне салық саламыз десе, елдің бәрі қайтадан қолма-қол ақшаны пайдалануға көшіп кетеді. Ол қазіргідей ковид заманында вирус тарайтын жағдайға алып келеді. Ол қауіп келтіретін мәселе. Қазір министрліктегілер салық мәселесін тек кәсіпкерлерге ғана тиісті екенін айтып жатыр. Сондықтан халық дүрлікпей, шу шығармауына болады», – деді экономист Меруерт Махмұтова.

Осылайша, мамандар ақша аударымдарына салық салу арқылы қоғамдағы түрлі алаяқтықтың жолын кесуге мүмкіндік барын айтады. Мәселен, әлеуметтік желіде қайырымдылық жасауға миллиондап ақша жинағандардың артында кімнің тұрғынан білуге болады дейді. Ақша аударымдарына салық салу мәселесі тек кәсіпкерлерге ғана болмаса, жеке тұлғаларға қатысы жоқ. Яғни, адамдар бір-бірне 100 және 1000 теңге секілді ақша аудару операцияларын жасау барысында салық ұсталмайды.

Ұлағат Арғын, Ялкунжан Әшімжанов,  «Алматы» телеарнасы