Алматыда тәртіпсіздікке қатысты деген 16 адам үйқамаққа шығарылды

28.01.2022 в 22:05

«Аманат» қоғамдық комиссиясы өзге өңірлердегі жазықсыз ұсталғандарға да араша түспек ниетте

Алматыдағы тәртіпсіздік кезінде негізсіз қудалауға ұшырағандар біртіндеп босатылып жатыр. Олардың ақталуына себеп болған «Аманат» қоғамдық комиссиясы бір аптаның ішінде 16 адамды үйқамаққа шығарған. Заңгерлер осылайша, зардап шеккен бейбіт тұрғындарға заң тұрғысынан тегін көмек беріп келеді. Комиссия мүшелері алдағы уақытта еліміздің басқа да өңірлеріне барып, жазықсыз ұсталғандардың өміріне араша түспек ниетте, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазір «Аманат» қоғамдық комиссиясының мәліметінше, Түрксіб ауданындағы 155/18 сотқа дейінгі тергеу изоляторында Алматыдағы тәртіпсіздікке қатысы бар деген күдікке ілінген 200-ден астам адам бар. Олардың қатарында дәстүрлі әнші Сейітжан Сауатай да болған. Ол кеше осы қоғамдық комиссияның көмегімен босатылды.  

«5 қаңтар күні бейбіт шеруге шығып, екі аяғымнан жараландым. Кейіннен №12 ауруханадан қамауға алып кетті. Содан бері 21 күн өтті. Абзал Құспан мен Мәди Мырзаханның қамқор болуымен босатылдым. Мен сияқты жазықсыз жандарға қамқоршы болып жатқандарға алғысым шексіз», - деді дәстүрлі әнші Сейітжан Сауатай.

Ал Гүлшара Бимұратованың аурухана табалдырығын тоздырып жүргеніне біраз болыпты. 5 қаңтар күні 26 жастағы баласы көппен бірге орталыққа шыққан. Қақтығыс кезінде екі аяғынан жараланыпты. Қазір осы ауруханада емделіп жатыр. Құзырлы орган өкілдері оны да күдікті деп тауып, қамауда ұстап отыр екен. 

«Оның қолында дубинка немесе басқа да қару болған жоқ. Жазықсыздан жазықсыз өзі де зардап шекті. Аяғына граната түскен дейді. Аурухананың бас дәрігері шығып, жағдайлары жақсы деді. Енді жалпылама айта береді ғой. Бұдан кейін түрмеге алып кетеді дейді. Ары қарай жағдайы қалай болады, білмеймін. Өзі қалақтай ғана бала», - деп көзіне жас алды қала тұрғыны Гүлшара Бимұратова.

Алматыдағы қаңтар оқиғасы кезінде жазықсыз қудаланғандарға «Аманат» қоғамдық комиссиясы көмектесіп келеді. Президент әкімшілігінің қолдауымен жұмысын бастаған олар бір аптаның ішінде 16 адамды қолхатпен үйқамаққа шығарған. Олардың ішінде әйелдер мен кәмелет жасына толмаған екі бала да бар көрінеді. Құқық қорғаушылар мен қылмыстық іс жүргізу құқығы бойынша маманданған заңгерлер оларды қоғамға еш қауіпті емес деп есептейді.

«Біз қаланы қиратқан немесе халықты тонағандарға емес, шын мәнінде, алаңға бейбіт шеруге барғандармен айналысып жүрміз. Алаңға барғанның бәрі террорист емес, алаңға барғанның бәрі экстримист емес, алаңға барғанның бәрі содыр, бұзақы емес. Қолдан бұзақы жасап қажет емес. Сондықтан біз бейбіт жолда шыққандардың барлығын босату керек деп есептейміз», - деді «Аманат» қоғамдық комиссиясының мүшесі Мәди Мырзағараев.

Бүгінде бейбіт шеру кезінде ұсталғандарға Қылмыстық кодекстің 272-бабы бойынша іс қозғалған. Десе де, заңгерлер олардың алдағы уақытта толық ақталып шығуына мүмкіндік бар екенін айтады.

Қазір №4 қалалық клиникалық ауруханада Алматыдағы тәртіпсіздікке қатысы бар деген 25 адам емделіп жатыр. Олардың дені ­– жастар. Яғни, 25-27 жас аралығындағы бозбалалар. Бұл – «Аманат» қоғамдық комиссиясының жетекшісі Абзал Құспановтың мәліметі. Қазір олар ауруханадағы әр адаммен тілдесіп, ақталып шығуына көмектесіп жатыр. Комиссия мүшелері алдағы уақытт бұл жұмыстарын еліміздің өңірлерінде де жалғастырмақ.   

Ұлағат Арғын, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы