Қаскелеңде ер адам баласы мен әйелін соққыға жығып, суық үйге қамап кеткен

09.12.2021 в 20:55

Алматы облысының бір ауданында 477 тұрмыстық зорлық-зомбылық дерегі тіркелген

Бүгін – «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» акциясының соңғы күні. Дәл осы іс-шара аясында жергілікті органдардың жүргізген жұмысының нәтижесінде, биыл Алматы облысына қарасты бір ғана Қарасай ауданының өзінде әйел затына тұрмыстық қысым көрсетілген 477 дерек тіркелгені белгілі болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.    

Қаскелеңде жаңа шаңырақ көтерген отбасы сол күні жанжалдасып, ер азамат әйелімен қоса ұлын да соққыға жығып, 2 күн суық үйде қалдырып кеткен. Азаматтық некеде тұрып келген әйелдің сөзінше, өзінен 20 жасқа үлкен күйеуі және оның туыстары алғашқы некеден туған 2 баласына өгейлік көрсетеді екен. Нәзік жан тұрмыстық зорлық-зомбылыққа 3 жылға жуық уақыт төзіп келгенін айтады.

«Қайтасың ба?» деп едім, ол «мазамды алма» деп жауап берді. Мен 2 баламен қалдым. Үйде көмір жоқ. Қалың киініп, күртемен ұйықтайтынбыз. 2 күн күттім, келмейтін болған соң, полицияға хабарластым», – дейді жәбірленуші.

Ал Әнуар есімді азаматтың отбасын арақ-шарап ойран қылған. Отбасын ғана емес, бар өмірін құртқан. Ол той-томалақтың бірінде ішімдікке салынып, бейтаныс адаммен жаға жыртысып, пышақтап өлтіріпті. Содан 10 жылға темір торға тоғытылған. Бостандыққа шыққанымен, не отбасым, не достарым жоқ деп налиды.

«Әйеліммен 2,5 жыл тұрдым. Жауапқа тартылғаннан кейін бар жақынымнан айырылдым. Бала болған жоқ. Жазамды өтеп жүргенде достарым да жоғалды. Ешкім қалмады. Бұл ісіме өкінемін», – дейді сотталушы. 

Осылайша, Қарасай ауданында 25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында әйелдерге қатысты зорлықсыз 16 күн акциясы өтіп, әкімшілік құқықбұзушылық деректері анықталды. Жергілікті полиция басқармасының өкілі нәтижеге сүйене отырып, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа әкелетін бірқатар себепті атап өтті.

«Тұрмыстық зорлық-зомбылық көбінесе ер азаматтың ішімдікке әуестігінен, материалдық жағдайдың төмендеуінен, отбасындағы ұрыс-жанжалдан, түсініспеушіліктің салдарынан болады», – деді Қарасай ауданы жергілікті полиция қызметінің Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы Эльмира Есенбаева.

Биылдың өзінде Алматы қаласы Түрксіб ауданындағы дағдарыс орталығында Қарасай ауданынан 65 адамға психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетіліп жатыр. Оның 18-і – әйел, 47-сі – кәмелет жасына толмаған бала. 

Оразай Нұртай, Дәмір Әнитов, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы