Ипотекалық жүйемен үй алатындар нені білуі керек

07.11.2023 в 19:37

2024 жылдың ақпанынан бастап бірқатар салымшы несие алу үшін жарты жыл күтуге мәжбүр болмақ

2024 жылдың ақпанынан бастап бірқатар салымшы несие алу үшін жарты жыл күтуге мәжбүр болмақ. Елдегі ипотекалық жүйенің 70 пайызын қамтып отырған банк «Мұндай өзгеріс тұрғын үй кезегін қалыптастыру мақсатында енгізілді» дейді. Жаңа жүйе дегенде пәтер алуға ниеттілер нені білген жөн?

Биылдың өзінде 52 мыңнан аса азамат «Отбасы банкі» арқылы баспаналы болған. Жасыратыны жоқ, аталған қаржы ұйымы бұған дейін тиімді несие шарттарын ұсынып, соның нәтижесінде ипотекалық жүйенің көшбасшысына айналған еді. Ал жуырда енгізілетін жаңа шарт көпшіліктің қолжетімді тұрғын үй алуына деген үмітін шорт кескендей болған. Бірақ банк басшылары керісінше, енгізілетін өзгеріс клиенттердің кезегін анықтау үшін тиімді дегенді айтады.

«Біздің салымшымыз қажетті алғашқы жарнаның 50 пайызын бірден салған күннен бастап 5 деген бағалау көрсеткішіне 6 айда жете алады. Бірақ біз өзіміздің салымшыларымызға ұсынатынымыз – бірден 50 пайыз салып қоймай, ертерек депозит ашып, ай сайын ақша салып отырғаны дұрыс», – деді «Отбасы банк» АҚ Алматы қалалық филиалының директоры Данагүл Түсіпова.

Сонымен 15 ақпаннан бастап аралық несиенің шарты былай өзгереді: бұған дейін займды ең төменгі көрсеткіш – 2,5-пен алу үшін депозиттегі ақша кемі 3 айда жиналуы керек еді. 2024 жылы аталған төменгі мән 5-ке дейін көтеріледі. Сәйкесінше, тұрғын үй құнының 50 пайыздық сомасын бұрынғыдай 3 емес, 6 айдан соң ғана ала аласыз. Демек, тұрақты клиенттерге басымдық беріледі деген сөз.

«Мұндай тәжірибенің нарыққа әсер ететіні сөзсіз. Бұл өзгеріс арқылы, банк өзін-өзі проблемалық несиеден сақтандырып отыр. Демек, ендігі қаражат жеңілдікпен берілетін жаңа ипотекаларға бағытталуы мүмкін. Қаржылық сауаты бар азаматтар пайыздық есепте ұтылмас үшін ақшаны ай сайын салып отырады. Осылай істеуге кеңес беремін. Әрі сыйақы мөлшерлемесін де назарға алған жөн», – деді сарапшы Александр Бикетов.

«Коэффициент сомасы жеткілікті болуы үшін маған 3 ай күту керек болды. Күттім. Негізгі мақсатым – екі бөлмелі пәтерді үш бөлмеліге ауыстыру еді. Уақыт өткізудің қиындығы жоқ, әрине. Бірақ тиісті қаражаттың 50 пайызын мен сияқты бірден төлей салу көпшілікке қиын. Сондықтан біртіндеп жинау керек. Есесіне, бірнеше ай күтпей, қалаған баспананы бірден рәсімдеуге болады», – деді қала тұрғыны Ерлан Құсайынов.

Займ алудағы мұндай өзгеріс әзірге көпшілікті шошыта қойған жоқ. Банкте де ұсыныстан бас тартып жатқандарды байқамайсыз. Жаңа жүйе тек ақша жинау саясатына әлдеқайда мұқият болудың қажеттігін көрсетеді.

Мадина Оқас, Гүлмарал Изатқызы, Алишер Ерғалиев, «Алматы» телеарнасы