Мерейлі отбасы: Астанада байқаудың жеңімпаздары марапатталды

08.09.2023 в 19:38

20 отбасы салтанатты шараға шақырту алған

Бүгін еліміздің түкпір-түкпірінен үздік деп танылған әулеттер Астана төріне жиналды. «Qazaqstan» орталық концерт залында дәстүрлі «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Әр аймақтың намысын арқалап келген отбасылар жиналды. Қадірменді меймандарды алдымен Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева құттықтап, Президенттің лебіз хатын жеткізді. Қоғам дамуында отбасының алар орны ерекше екенін атап өтті.

– Мемлекет басшысы берекелі әрі бақытты отбасы ел тірегі екенін атап өтті. Бүгін әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси саласындағы іргелі реформалардың куәсі болып отырмыз. Біріншіден, отбасы мен болашақ ұрпақтың әл-ауқатын жақсарту үшін жаңа мүмкіндік пен жағдай жасауға бағытталған. Еліміздің басты байлығы – берекелі отбасы мен біртұтас қоғам, – деді ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева

«Мерейлі отбасы» байқауы елімізде биыл 10 жыл қатарынан өтіп жатыр. Осы онжылдықта 20 мыңнан астам жанұя қатысып, бағын сынады. Биылғы бәйгеге қатысуға әр облыстан 3500-ге жуық өтінім келіп түскен. Солардың ішінен іріктеліп, 20 отбасы салтанатты шараға шақырту алған. Мұнда еңбек династиясы, ұстаздық жолды ту еткен отбасылар мен кәсіпкерлікте қызмет етіп жүрген түрлі саланың өкілі бар. Жеңімпаздарды ел көріп, жұрт таныды. Көп сүйсінген отбасының бірі – Атырау облысынан келген Бекеновтер әулеті.

– Отбасымызда 7 ер бала бар. Олардың әрқайсысының мінезі бар. Отбасы құндылығы әке-шешеміздің амандығы деп ойлаймын. Сондай-ақ балалардың бірлігі, бір-біріне қамқорлығы әке-шеше үшін бақыт деп есептеймін, – деді «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының лауреаты Серік Бекен.

Ұлттық бәйгеде жеңімпаздарды арнайы комиссия саралап, таңдап алды. Осында келген 20 отбасы – қалалық, облыстық кезеңде жеңімпаз атанғандар. Байқауда әр отбасындағы тәрбие, ұлттық құндылықтарды сақтауы мен береке-бірлігі назарға алынған. Ал бүгін жеңімпаз атанғандар – өнегелі әулет, өрелі ұрпақ өсіріп отырған үздіктер.  

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры 98-мауысымын ашты