Шегірткемен күрес: Биыл қай облыстарда қауіп жоғары

10.04.2023 в 19:38

Үкімет шегірткемен күреске 4 млрд теңге бөлді

Биыл егістікке шегірткеден қауіп жоғары. Дала дихандары «еккен егінге қырғидай тиетін зиянкестің көзін ертерек жоймаса, дәнді дақылсыз қаламыз» деп дабыл қағып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Егіс алқаптарында бірер аптадан соң көктемгі науқаны қызады. Дихандар сайманын сайлап, қажетті техникаларын майлап, білек сыбана дайындықты бастап кеткен. Биыл шегіртке көп болады дегенді олар да естіпті. Ала жаздайғы еңбектері еш болмау үшін қазірден қамданып жатыр.

«Менің есімде, 2000 жылы шегіртке қаптаған. Агрономдар дайындық жасап, ешқандай мәселе болмады. Негізі дайын болған дұрыс. «Сақтықта қорлық жоқ» дейді. Мемлекет те дайын болғаны дұрыс. Агрономдарда шегірткеге қарсы дәрі бар. Соны қолданамыз», – деді шаруа қожалығы директорының орынбасары Абылай Медеубаев.

Биыл шегірткемен күреске үкімет 4 млрд теңге бөліп отыр. Еккен егінге қырғидай тиетін зиянкестің көзін ертерек жоймаса, дәнді дақылсыз қалуымыз мүмкін. Зиянкес маусым айында қаптайды деген болжам бар. Ауыл шаруашылығы министрлігі қазірден бастап күрес іс-шараларына кіріскен. Қауіп ең жоғары өңірлер қатарында Ақтөбе, Түркістан, Жамбыл облысы бар.

«Ақтөбе облысында, Қостанайда  шегіртке көп таралуы мүмкін. Ақтөбе облысында 690 мың гектарға,   Қостанай облысында 423 мың гектарға шегіртке таралады деп отырмыз», – деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің басқарма басшысы Алмат Сүлейменов.

Биыл ел бойынша 1 млн 500 мың гектар алқапқа шегірткенің таралуы мүмкін. Министрлік мәліметінше, оңтүстікте шегіртке маусымның орта тұсында күш алады. Батыс өңірден ұшып келетін итальяндық прус үйірлі шегірткелері егіс алқабын тып-типыл етіп кетуге қауқарлы екен.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы, Астана