Баспанамыз сүрілмей жатыр: жаңа үйге ақша төлеген тұрғындар шығынға батқан

18.08.2023 в 19:40

Петропавлда 400 нысан сүрілуі тиіс

«Баспанамыз сүрілмей жатыр». Осылай шағымданған Петропавл қаласының тұрғындары шығынға батқан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ескі баспанада 43 жылдан бері тұрып келген әулет қаңтарда үйі сүрілетіндіктен, жаңа үй тауып қойған. Тіпті алдын ала төлем жасап үлгерген. «Жазда сүрілуі тиіс болған баспана әлі сол қалпында тұр» деген зейнеткер Аманбай Өсіп әкімдіктің сөзіне сеніп, қысқа дайындалмағанын айтты.

– Әкімдікке бардық, бірақ нәтиже жоқ. Мамырда отын алатынмын. Олар «биыл алмаңыз, үй сүріледі» деді. Бізге тиісті 45 шаршы метр үй тауып, ақшасын төледік, – деді қала тұрғыны Аманбай Өсіп.

Әкімдікпен келісімшарт жасағандардың қатарында Виктор Прудло да бар. Ол жауаптылар талап еткен барлық міндеті орындап, жаңадан тапқан үйінің иесіне алдын ала 200 мың теңге төлеп қойған. Енді жасасқан келісімшарттың орындалмайтынын біліп, ақшам далаға кетті деп күйінеді.

– Маған көлемі 70 шаршы метр 3 бөлмелі пәтер берілуі керек еді. Орташа бағасы – 25-30 млн теңге. Менің баспанам ескі емес. Үйде күрделі жөндеу жасалған. Барлығы жаңа. Дәл сондай үй берсін. Ал сатып алу тоқтап қалды. Қысқа дайын емеспіз. Отын да, көмір де сатып алғанымыз жоқ. Не болып жатқанын білмейміз. Тапқан үйдің иесіне алдын ала төлеген ақшам күйіп кетті, – деді қала тұрғыны Виктор Прудло.

Жергілікті әкімдік сүрілетін үй иелеріне баспана алу жөніндегі мемлекеттік сатып алудың тоқтап қалғанын растап отыр. Петропавл қаласы әкімінің орынбасары жемқорлықтың алдын алу үшін жасалғанын айтады. Оның айтуынша, тұрғындар мен риелторлар қымбат баға ұсынып отыр.

– Мемлекеттік сатып алу әзірге тоқтатылды. Осыған байланысты бір шаршы метрдің құны қарастырылады. Мен жеке коммерциялық құрылысшылармен кездесу өткіздім. Сүрілетін үй иелерін де шақырдық. Олардың пәтерін тексеру басталды. Мен үйді сатқандардан тұрғындардың алдын ала төлеген ақшасын қайтаруды сұраймын. Себебі сатып алушылар – тұрғындар емес, біз. Сондықтан олардың алдын ала төлем алатын ешқандай құқығы жоқ, – деді қала әкімінің орынбасары Әділбек Әубәкіров

Айта кетейік, биыл Петропавлда 400 нысан сүрілуі тиіс. Жергілікті әкімдік оның 30-ын ғана сатып алған.  

Нұргүл Алина, Азамат Елубаев, «Алматы» телеарнасы, СҚО-дан

Оқи отырыңыз: Талаптар текетіресі: тұрғындар түнгі дәмханаларды жабуды талап етіп отыр