Астанада жаңа үйдің тұрғындары жылуға жарымай отыр

12.12.2022 в 20:53

4 ай бұрын қолданысқа берілген баспаналар сарышұнақ аязда сыр берген

Астанада  жаңа үйдің тұрғындары қыраулы қыста тоңып, жылуға жарымай отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

4 ай бұрын қолданысқа берілген баспаналар сарышұнақ аязда сыр берген. Қабырғалары сызаттанып, жарыла бастаған бөлмелерде тұру мүмкін емес деп шағым айтқан халық бүгін қалалық әкімдікке жиналды. Әкімнің шығуын талап етіп, жауаптылардан мәселені шұғыл шешіп берулерін сұрады.

Суық түскелі тұрғындардан маза қашты. Алғашында жаңа үйге қоныстандық деп алып-ұшып еді, қуаныштары әп-сәтте су сепкендей басылды. Себебі сырты келісті көрінген көпқабатты үйдің іші келіспей тұр. Сарышұнақ аязда салқын үйде бүрсең қағып шаршаған халықтың алды қазір қоныстарын тастап, пәтер жалдауға мәжбүр екендерін айтады.

«15 жыл тостым үйді. Аламыз дегеннен күннен бастап проблема бітпейді. Енді кірдік па дегенде, тағы проблема шықты. 5 жылсыз жылынбайды дейді», – деді қала тұрғыны Салтанат Ибадуллаева.

«Біз тегін алып отырған жоқпыз. Ақшамызға алып отырмыз. Ай сайын төлейтін үстемақы тағы бар. Мемлекеттік бағдарламамен үй алып, мемлекеттік қызметте жүріп, осындай хәге жеттік. Қалғандарына не айтамыз? Неге біз соншалықты бейшарамыз?» – деді  қала тұрғыны Гүлжан Әбдібаева.

Суықта дірдектеп үйде отыра алмаған тұрғындар мәселені тікелей әкімге айтамыз деп бекініп еді, түске дейін жауаптылардан ешкім төбе көрсетпеді. Бүгінге дейін әне-міне деген құрғақ уәдеден шаршаған халыққа түс ауа «Қазақстан тұрғын үй компаниясы»  мамандары келіп, жағдайды құрылыс компаниясының салғырттығы деп түсіндірді.

«Біз тұрғын үйді салған жоқпыз. Дайын баспаналарды келісім-шарт арқылы сатып алдық. Барлығы 297 пәтер. Оларды қабылдау кезеңінде бірнеше ақау болды. Жылыту маусымы басталғанда –ақ үйдегі жылу температуралары өте төмен екені байқалды. Тұрғындар шағымынан кейін мәселені жауапты мердігер компанияға айттық. Олардың хабары бар. Жою жұмысын жасаймыз деп отыр», – деді «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ жылжымайтын мүлік басқармасы департаменті директорының орынбасары Марат Әбдірахманов

Жауапты компания өкілі үйді жылытудағы ақауды желтоқсанның соңына дейін ретке келтіретінін айтып, сендірді. Ал оған дейін тұрғындарға Алдар көсенің шапанындай қырық жамауы бар баспананы паналауға тура келіп тұр.

Кәмшат Мұхамеджан, Ринат Өтеев, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы