Алматы облысының тұрғындары белгіленген округ шекарасына неге наразы

01.11.2023 в 19:46

Қала әкімі тұрғындармен кездесу өткізіп, түсіндірме жұмысын жүргізетінін айтты

«Қонаевқа қол созым жерде тұрсақ та, орталық алыс». Алматы облысындағы Арна және Заречный ауылдарының тұрғындары осылай деп наразылық білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Азаматтардың айтуынша, енді олар 7 шақырым жерде тұрған Қонаевқа емес, Іле ауданына қарайды. Бүгін тұрғындардың талап-арызын тыңдауға Қонаев қаласының әкімі де барды. 

– Қапшағайға қарайтын 6 мыңнан астам тұрғын бар. Бәріміз қарсымыз, – деді Заречный ауылының тұрғыны Жұмагүл Мәлікова.

Әңгіменің әлқиссасы Қонаев қаласы мен облыстағы ауылдық округтердің шекарасын өзгертуден басталған. Ал оған Заречный мен Арна ауылының азаматтары қарсы. Енді олар Іле ауданына қарайды, сәйкесінше, орталық та ауысады. Елдімекен тұрғындары тұрмыс-тіршілігік қиындай түседі деп налып отыр.

– Барлық тіршілік өмір бойы Қонаевпен байланысты болған. Біріншіден, Ынтымақ ауылы  55 километр. Екіншіден, ешқандай инфрақұрылымы жоқ. Тіпті, бәрі бар болған күнде, ол жерге жету үшін такси жалдаймыз. Ал оның құны қымбат, – деді Заречный ауылының тұрғыны Раушан Ысқақова.

Базынасын айтқан жұрт пікірін ешкім сұрамаған көрінеді. Оларға шешім қабылданғаннан кейін, хабарлаған.

– Қонаев қаласы әкімінің орынбасары келіп, шекара бөлінгенін, Іле ауданына қарайтынымызды айтты. Халық қарсы болды, – деді Заречный ауылының тұрғыны Жұмагүл Мәлікова.

Қонаев қаласының әкімі ауылдық округтің халқымен кездесті. Оның айтуынша, G4 жоба аясында жұмыс атқарылып жатыр.

– Сингапурден компания келіп, 4 қаланың жоспарын жасаған. Концепциясы дайын. Төрт қаланың орнына келешекте Алатау қаласы салынады. Бұл – еркін экономикалық аймақ. Биыл Үкіметтің қаулысы шықты. Қазір олардың шекарасын белгілеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, деді Қонаев қаласының әкімі Нұрлан Құматаев. 

Алайда қала әкімінің жауабы халықтың көңілін көншітпеді. Әкім тұрғындармен кездесу өткізіп, түсіндірме жұмысын жүргізетінін айтты.

Гүлмарал Изатқызы, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Жарық жиі өшеді: Алматы облысының тұрғындары қыста жылусыз қалуы мүмкін