Алматыда төтеншеліктер пиротехникалық зат сату орындарын тексерді

23.12.2022 в 19:47

Адам өміріне қауіпті пиротехника өнімдерін заңсыз сату азаймай тұр

Алматыда адам өміріне қауіпті пиротехника өнімдерін заңсыз сату азаймай тұр. Мамандар мұндай тауарлардың басым бөлігінің сапасыз әрі сертификаты жоқ деп дабыл қағып отыр. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жаңа жыл қарсаңында пиротехника көптеп саудаланатын базарларға барып, рейд жүргізді. Құжаты жоқ бірнеше орынды анықтап, ескерту жасады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мереке жақындаған сайын базарлар мен көше бойында отшашу саудасы қыза түседі. Көпшілік оның бағасына қызығып, сатылуға рұқсаты бар ма, жоқ па, оған қарамастан сатып алып жатады. Сырты әдемі болып көрінген өнімдердің қауіптілігі барын ұмытып кетіп жатады.

Ең қиыны да сол, базарларда толып тұрған мұндай пиротехникаларды сатуға саудагерлердің рұқсат қағаздары да жоқ. Сертификатсыз өнім қашанда сапасыз. «Қолдан жасалуы мүмкін. Құрамындағы әртүрлі жарылғыш заттар зақым келтіруі мүмкін»,- дейді мамандар.

Түрксіб аудандық төтенше жағдайлар басқармасы аудандық полиция қызметкерлерімен бірлесіп өткізген рейд жұмыстары кезінде саудагерлерге ескерту жасалды. Келесі жолы ережені елемегендерге айыппұл салынатын жеткізді.

«Кәмелетке толмаған балаларға тауарларды сатпауға тырысамыз. Бірақ көп жағдайда пиротехникаға мектеп оқушылары қығызады. Мамандар ұдайы келіп, жаднамалар беріп кетеді. Тұтынушыларға бәрін түсіндіреміз. Олардың өмірі үшін біз де алаңдаймыз»,– деді саудагер Наталья Генц.

Төтеншеліктер пиротехника өнімдерін тек мамандандырылған және сертификатталған дүкендерден сатып алуға кеңес береді. Отшашуды жақпас бұрын нұсқаулықпен жіті танысу керек. Қораптың бүтіндігі, сақтау мерзімінің жарамдығы да маңызды, - дейді мамандар.

«Отшашуды 14 жастан төмен балаларға пайдалануға болмайды. Оны алшақ ұстап тұрып тұтандыру керек, содан кейін қауіпсіз бағытта ұстау қажет. Отшашуды қатты жел соғып тұрғанда жағуға болмайды. Пиротехника жанбай қалған жағдайда оны қайта тұтандыруға болмайды. Оларды аяқтың астына тастауға және адамдарға бағыттауға болмайды. Тұрғын үйден 50 метр қашықтықта тұтандыру қажет. Аулада электр сымы, ағаш болмауына жіті көз жеткізу керек»,– деді Түрксіб ауданының ТЖБ аға инженері Ерасыл Жолдыбаев.

Алматыда соңғы 5 жылда жаңа жыл қарсаңында 56 төтенше жағдай тіркелген екен. Олардың 10-ы осы отшашу салдарынан болыпты. Өткен жылдың өзінде қауіпті пиротехникадан 22 адам жарақат алған. Олардың 15-сі балалар.

Ұлағат Арғын, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы