Алматының Алатау ауданындағы 22 көпқабатты үйдің құрылысы қашан аяқталатыны белгілі болды

08.06.2021 в 19:47

Тұрғын үй кешені «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында Мәдениет ықшамауданында салынып жатыр

Алматының Алатау ауданында 22 көпқабатты үйдің құрылысы шілдеде аяқталады. Тұрғын үй кешені «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында Мәдениет ықшамауданында салынып жатыр. «Nur Otan» партиясының қалалық филиалы жанындағы Өңірлік даму жөніндегі Қоғамдық кеңес мүшелері мен жайлы қалалық орта басқармасының өкілдері құрылысы аяқталуға жақын ғимараттарға тексеру жүргізді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Мұндағы тұрғын үйлердің ішкі құрылысы толығымен аяқталды. Енді мердігерлік компания ай соңына дейін абаттандыру жұмыстарын бітіріп,  үйлерді инженерлік желіге қосу мәселесін шешуі керек. Қазір құрылысшылар аймақтағы қалдық заттарды шығарып, жерді тегістеумен айналысуда.

Мердігерлер дайын тұрғын үйді маусым айында өткізуі керек болатын. Алайда елдегі пандемия мен көктемгі жауын-шашынның жиілігінен межедегі мерзімге үлгермей қалыпты.

«Жалпы тұрғын үйдің құрылысына ескерту жоқ. Яғни, ғимараттардың сапасы жақсы. Барлығы нормаға сай. Құрылыс жұмыстарына толықтай отандық өнімдер пайдаланылған. Тек қана абаттандыру жұмыстарында үлгермеушілік байқалады. Әлі инженерлік желіге қосылмаған. Бірқатар ескерту жасадық», – деді «Nur Оtan» партиясы қалалық филиалы жанындағы өңірлік даму жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы Шухрад Шардинов.

Комиссия мүшелері құрылысқа жауапты мекемеге абаттандыру жұмыстарын аяқтауға 3 апта уақыт берді. Яғни, осы уақытта мердігерлер көшеге жол төсеп, жарық бағандарын орнатып, ойын алаңдарын жасау керек.

«Біріншіден, былтыр пандемия болды. Адам жағынан кішкене қиналдық. Күздің ортасына дейін құрылысшылар табу қиын болды. Екіншіден, мына сыртқы жұмыстарына келсек көктем жаңбырлы болды. Абаттандыру, үйлерге су, жылу, тоқты кіргізу ғана қалды», – деді мердігерлік компанияның өкілі Аян Сіләмғалиев.

Жалпы ауданы 61 мың шаршы метр болатын тұрғын кешенінде 792 пәтер бар. Оның 100-і тұрмысы төмен және көпбалалы отбасыларға беріледі.

«Әлеуметтің жағдайы төмен кісілерге. Өйткені ол жерде кредиттің пайызы төмен деңгейде болады. Бұл перспективалы аудан. Мына жерде Саин көшесінің салынғанына қанша жыл болды. Қасында индустриалды аймақ бар. Ол жерде жұмыс орындары бар», – деді «Nur Оtan» партиясы қалалық филиалы жанындағы өңірлік даму жөніндегі қоғамдық кеңестің мүшесі Жанат Айтілеу.  

Ал, қалған 692 пәтер «Нұрлы жер» мемелекеттік бағдарламасы бойынша Отбасы банкі салымшылары үшін ең тиімді шарттармен беріледі. Яғни, азаматтың депозитінде жеткілікті сома жиналса, пәтерді бірден сатып ала алуға немесе несиеге рәсімдеуге болады.

Сымбат Ноғай, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы