Алматы облысында «Батыл тойтарыс – 2022» стратегиялық оқу-жаттығуы өтті

12.04.2022 в 21:03

Сарбаздар лаңкестерге қарсы жоспар құрып, оларды ұстау операциясына қатысты

Алматы облысында әскерилер арасында «Батыл тойтарыс – 2022» стратегиялық оқу-жаттығу жиыны өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Оған Қапшағайдағы десанттық шабуылдау бригадасы мен әскери полиция бөлімшелері және инженерлік-саперлық жасақтар қатысты. Жаттығуда жас сарбаздар осыған дейін үйренген өз білімі мен тәжірибесін іс жүзінде сынап көрді. Қапшағайда әскери борышын өтеп жатқан жас жауынгерлер ұрыс алаңында өздерін көрсете білді. Сарбаздар алғашқы кезеңде лаңкестерге қарсы жүйелі жоспар құрып, оларды ұстау операциясына қатысты. Ол үшін ақылды иттер де тартылды.

Халықаралық армия ойындарында жүлдеге ілініп жүрген Макс есімді ақылды төбет өзіне берілген тапсырманы әп-сәтте орындап, міндетін абыроймен атқарып шықты. Кинологтардың айтуынша, үйретілген ит орта есеппен 50 шақырымдық жылдамдықпен жүйткіп, қашқынды тез арада қуып жетеді. Төбеттің арқасында өткен жылы 2 адам қолға түсіпті.

«2017 жылдан бері осы итімді жаттықтырып келем. Аты Макс. Өзге иттерге қарағанда жылдам», – деді кинолог Мадияр Жақуов.

Әскери жаттығуға инженерлік жасақтар атынан 100-ден астам сарбаз бен 40-қа жуық техника жұмылдырылыпты. Оның ішінде арнайы көлікті ашық далада жасыру, арықтар арқылы көпір салу секілді сынақтардан өтті. Полигондағы ең қиын міндеттердің бірі саперларға жүктелді. Олар жаңа технологиялардың көмегімен жарылғыш заттар орналасқан аймақты табу керек. Әскери қызметкерлер әуе дрондарын жерден басқарып, арнайы роботтар арқылы жасырылған миналарды тапты.

«Әскери оқу-жаттығуға 40-қа жуық сарбаз қатысты. Олар 6 айда оқыған білімін бүгін тәжірибе жүзінде сынып жатыр», – деді Қапшағай қаласы 58012 әскери бөлімі инженерлік-саперлік ротасының командирі Арман Қарамолдин.

Айта кетейік, «Батыл тойтарыс – 2022» стратегиялық оқу-жаттығу жиындары еліміздің барлық өңірінде өтіп жатыр.

Мерей Қанапиянов, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы