Әз-Наурыз: Ұзынағаш ауылында 3 мың литр көже таратылып, 7 қазақ үй мен 15 шатыр тігілді

22.03.2022 в 19:48

Мерекеге 10 мыңнан аса адам қатысты

Наурыз мейрамы бүгін Жамбыл ауданында да думанды той болып өтті. Аудан орталығы Ұзынағашта 3 мың литр наурыз көже таратылып, 7 қазақ үй мен 15 шатыр тігілді. Мұндағы мерекеге 10 мыңнан аса адам қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Тынысы ашылған табиғатпен, ырысы тасыған ағайынның пейіліне орай Наурыз ұлан-асыр тойға ұласты. Алтыбақан аясында ауыл адамдары жиылып, мерекелік бағдарламаға атсалысты. Аудан орталығындағы Ұзынағаш аулындағы бұл шарада 15 шатыр мен 7 ірі киіз үй тігіліпті.

«Адам көп. Әрбір іс-шараға жұрт белсенді араласып жатыр. Мына бүгінгі Наурыз мейрамына көпшілік болып дайындалдық. Себебі бұл жерде ешқандай шектеу шаралары болған жоқ. Кім қазақ үй тігемін, кім басқа да дүниелермен айналысамын деген азамат көп болды», – деді Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертасов.

Қариясын қасына алып, ұрпаққа ұлы мерекені ұлықтай алған бұл шарада, ақжаулықты аналарымыз бата-тілегін де жаудырып жатты.

«Наурыз мерекелерің құтты болсын! Көңіл-күйіміз жақсы. Халық тойлап жатыр. Барлықтарыңызды келесі  Наурыз мерекесіне жеткізсін», – деді ауыл тұрғыны Әния Құрбанова.

«Жаңа жылымыз құтты болсын! Наурыз ел мерекесі. Ақ мол болсын», – деді ауыл тұрғыны Жұмабай Шәмшиев.

Музыкалық және көркем эстетикалық бағытта жұмыс істейтін Жамбыл мектебі өзінің көркем туыныдыларынан көрме ұйымдастырыпты. Екі бағыт бойынша білім алатын 667 оқушысы бар білім ордасы Наурыз мерекесіне рухани үлес қосуды жөн санадық деп отыр.

«Көрме алып келіп тұрмыз. Бұл жерде оқушылар мен мұғалімдердің жасаған жұмыстары. Алдымен Жамбыл Жабаевтың бейнесін суреттеуге тырыссақ, екіншісі туған жерге бағытталады», –деді Ж. Жабаев өнер мектебінің ұстазы Ақгүл Сәтқұлова.

Ал орталық алаңда білек күшін сынап, қошқар көтеріп сайысқан тұрғындар өзара көңілді тарқасты. Өйткені басты мақсат  ұту емес, ұлы мерекені тойлау дейді. Аспалы турниктегі жастардың сайысы қызу талқыға түссе, қол күреске кез-келген тұрғын қатысуға мүмкіндік алды. Биылғы Наурызды Жамбыл ауданындағы 24 округ атап өтті.

Әлібек Шынтемір Сағындық Нарықов, Маұратбек Алмасхан,«Алматы» телеарнасы.