Елімізде жанармай бағасы тұрақталып келеді – вице-министр

05.11.2021 в 20:10

Мұрат Жөребеков бензин бағасының өсуіне ешқандай негіз жоқ екенін айтты

Елімізде бензин бағасы тұрақталып келеді. Бұл жолы елді алаңдатқан мәселеге қатысты Энергетика бірінші вице-министрі Мұрат Жөребеков пікір білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.      

Оның сөзінше, соңғы 3 жылда бензин бағасы небәрі 15 теңгеге ғана қымбаттаған. Дегенмен көлік отынының бағасы әр өңірде әртүрлі екенін де атап өтті. Сондай-ақ бензин бағасының өсуіне қазір ешқандай негіз жоқ деп отыр. Тіпті, көршілес елдермен салыстырып, біздің елімізде әлдеқайда арзан деген статистика келтірді.  

«Мемлекет, министрлік бензин бағасын реттемейді. Нарық реттейді. Ал нарыққа зауыттардағы жөндеу жұмыстары, мұнай бағасының өсуі сияқты түрлі жағдай себеп болатыны белгілі. Осы мәселелерді кей пысықайлар өз пайдасына шешуді ойластырып, бағаны көтеріп жатыр. Біз тапшылыққа әкелетін барлық факторларға мониторинг жүргіземіз», – деді ҚР Энергетика бірінші вице-министрі Мұрат Жөребеков.

Сонымен қатар брифинг барысында Қытаймен шекарада тұрып қалған қазақстандық тауар тасымалдаушылардың мәселесі қалай шешіліп жатқаны айтылды. Сауда және интеграция вице-министрі Ержан Қазанбаевтің айтуынша, эпидемиологиялық жағдай реттелсе, Қытай мемлекеті өз шекарасын аша бастайды.  

«Қытаймен шекарадағы жағдай аса маңызды. Иә, біз мәселенің барын көріп отырмыз. Және ол коронавируспен байланысты, пандемияның салдарынан Қытай шекарасын жауып, тауар алмасуды тоқтатып жатыр. Тауарды шекарадан өте қатаң тәртіппен өткізіп жатыр, осы себепті тасымалдаушылар шекарада тұрып қалуда. Осы орайда отандық бизнеске қолдау көрсетіп, шекарадағы мәселені шешу мақсатында біз қытайлық серіктестермен келісім жүргізіп жатырмыз. Індеттің беті қайтпайынша, Қытайдың шекарасын ашуы екіталай», – деді ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Ержан Қазанбаев.