Есілдің жағасындағы еңселі елорданың көрікті кескін-келбеті қалай қалыптасты

02.07.2021 в 19:50

24 жыл ішінде еңселі елордада Шығыс пен Батыс сәулет өнерлерінің жауһарларын үйлестірген сәні мен салтанаты, көркі мен келбеті келіскен ғимараттар салынды

«Тәуелсіз елдің елордасы көргенді елітіп қана қоймай, ертеңгі күнге үміт сыйлайтын және жігерлендіретін жасампаз қалаға айналуы тиіс». Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бас қаланың бағасы осындай болуы керек деген еді. Бұл тілек орындалу үшін қазақ астанасының құрылысына қатысқан әр сәулетші талаптан шығуға талпынды. Бүгінде шаһар «әлем қаласына» айналды. Дамудың даңғыл көшін бастаған елорданың көрікті кескін-келбеті туралы Almaty.tv тілшісі Асылбек Тойбек жалғастырады.

Алатаудың баурайынын ерке Есілдің жағасына елорда көшіп келген соң қала құрылысының бас жоспары бекітілді. Әлемнің үздік сәулетшілері арасында байқау жүргізіліп 27 жоба ішінен аса көрнекті сәулетшілердің бірі, жапон концептуалисі Кисе Курокаваның жобасы мақұлданған еді. Осылайша тақыр далада құрылыс қарқын алды. Еліміздің түкпір-түкпірінен құрылысшылар келіп, елорданың еңсесін тіктеуге еңбек сіңірді. Солардың ішінде Молдабек Мәдибеков те бар. Қазір құлпырған қалаға қарап, еңбектерінің еш кетпегеніне қуанады.

«Астанада бірінші басталған «Наурыз» деген тұрғын үй кешенін салып едік. Қаланың ортасы. Оң жақ жағалау еді. Қаланың ортасы болса да өте қиын жер еді... Құрылыс қиыншылықсыз болмайтын болды. Сонан кейін бұл жерде материал жеткізу объектілерге жолын тауып, жол салып, сонан кейін құрылысты бастау үшін біраз жоспарын құрып жаңағы әрекетін жасап, сол елдерді қамтамасыз ету үшін, жұмысшыларды жұмыс істеу үшін, алға басу үшін бірақ жұмыс істеу керек болды», – деді құрылыс саласының үздігі Молдабек Мәдибеков.

24 жыл ішінде еңселі елордада Шығыс пен Батыс сәулет өнерлерінің жауһарларын үйлестірген сәні мен салтанаты, көркі мен келбеті келіскен ғимараттар салынды. Мән-мағынасы терең нысандардың әрқайсысының өзіндік ерекшелігі, стилі, тарихы бар. Сәулетшілеріміз елордада тың идеяларын жүзеге асыру бойынша әлі де жарысып келеді. Бірінен-бірі асып түсетін ерекше нысандардың бірегейі астананың 20 жылдығына тарту ретінде салынған «Алланың гүлі» мешіті. Сәулетінің ерекшелігі жағынан бұл рухани орда дүниежүзі бойынша 10 мешіттің қатарына енген.

«Бұл мешіттің ерекшелігі мынада: былай қарағанда білесіздер ғой, брилиант деген... Гүл сала алмаймыз, «Алланың гүлі» деген аты бар. Гүл деген осы брилиантпен шықтық. Екінші ерекшелігі, бұл күмбездің келбеті қазақтың киіз үйіне ұқсайды. Үшінші күннің сәулесі, терезелрері ерекше, іші аппақ, сырты да аппақ. Тағы ерекшелігі - балама энергияны пайдаландық», – деді сәулетші Сағындық Жанболатов.

Сарыарқаның ұланбайтақ жерінде  аз уақыт ішінде тұрғызылған асқақ қаланың бүгінгі келбетіне көз тоймайды. Зеңгір көк аспанмен шағылысқан зәулім ғимараттар саны күннен-күнге көбейіп келеді. Бүгінде қала тұрғындары мен қонақтары елорданы ерке Есілдің жағасындағы ғажайып ертегідей қала деген баға береді.  

Асылбек Тойбек